14 қаңтарда Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында аты аңызға айналған қаһарман жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күніне орай бірқатар еске алу және тағзым ету шаралары өтті.
Іс-шаралар Ақтөбе қаласындағы «Әлия» мемориалды кешенінде ұйымдастырылған «Елім деп соққан жүрегі» атты еске алу жиынымен басталды. Шара барысында батыр рухына гүл шоқтары қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Еске алу шарасына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Әлия Молдағұлованың туыстары, зиялы қауым мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан мен әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімдері, «Халықтық ұжым» мәртебесіне ие «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Әлия. Мәншүк. Хиуаз» әскери-патриоттық қыздар клубы және қала тұрғындары қатысты.