Ақтөбеде жасанды интеллект қолданылатын Ахуалдық орталық ашылды

Ақтөбеде жасанды интеллект қолданылатын Ахуалдық орталық ашылды

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында радиологиялық зерттеулер бойынша құзыреттілі орталығы іске қосылды. Мұнда медициналық кескіндерді талдау мен өңдеу жасанды интеллект технологиялары арқылы жүргізіледі. Жаңа орталық аймақ тұрғындары үшін диагностика тиімділігін арттырып, медициналық көмектің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
 Аймақ басшысы Асхат Шахаров орталықтың жұмысымен танысып, оның ашылуы Ақтөбе облысында цифрлық медицинаны дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
 «Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан үш жыл ішінде толықтай цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл бағытта Ақтөбе облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, оның ішінде ең алдымен медицина саласында. Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың көмегімен қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып отыр: мысалы, маммография жүйесі ісікті дер кезінде көрсетсе, телемедицина шалғайдағы ауыл тұрғындарына дәрігерлердің кеңесін алуға жол ашты. Жасанды интеллекттің енгізілуі кейбір диагноздардың нақтылығын 34%-ға дейін арттырды. Бұл дәрігерлердің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Цифрландыру тек медицинада ғана емес, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және халыққа қызмет көрсету салаларына да енгізілуде. Облыс әкімдігінде басқарма бар, жаңа министрлікпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Демек, өңіріміз әлемдік үрдістерге сай цифрлық жүйені жетілдіре береді», деді облыс әкімі.
 Ахуалдық орталық тәулік бойы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Мұнда медициналық ұйымдардың қызметі бақылауда, дәрі-дәрмек қоры мен індет ошақтары қадағаланады, жүйеге түсетін жүктеме сарапталады. Сондай-ақ төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін әрекет сценарийлері дайындалып, жүзеге асырылады.
Орталық үш бағытта қызмет көрсетеді: Телемедицина – аудан тұрғындары үшін қашықтан кеңес алу мүмкіндігі; Медициналық ұйымдардың қызмет сапасын цифрлық бақылау; PACS жүйесі – жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық зерттеулердің (рентген, КТ, МРТ, УЗИ) нәтижелерін сақтау және жіберу. Бұл жүйеге облыстың барлық ірі медициналық ұйымдары қосылған.
 Орталық жетекшісі Клара Макенованың айтуынша, жобаны іске қосу үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Ғимарат жөнделіп, жаңа жабдықтар сатып алынды. Қыркүйек айының ортасынан бастап пилоттық режимде Шалқар ауданының тұрғындарына 32 телемедициналық кеңес берілді. Ең көп сұранысқа ие бағыттар – неврология, нефрология, гастроэнтерология, кардиология және эндокринология. Барлығы 27 пациент қашықтан қызмет алды.
 Қазіргі таңда орталық бірнеше ауданнан бір мезетте бейнеқабылдау жүргізуге мүмкіндік береді. Телемедицина қызметі аймақтың шалғай елді мекендерінің 100% қамтыды. Бүгінге дейін ересектерге де, балаларға да, жасөспірімдерге де 188 консультация өткізілді.
 Орталықта жетекші, өтініштерді қабылдап, олардың шұғылдығын анықтайтын және тиісті дәрігерлерді белгілейтін үйлестіруші-дәрігер, есеп пен статистикаға жауап беретін медициналық тіркеуші және жасанды интеллект жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін IT-маман жұмыс істейді. 
 Радиологиялық зерттеулер Құзыреттілік орталығының ашылуы өңірдің бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Оның жұмысы Ақтөбе облысы тұрғындарының барлығына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге жол ашады.