Таза Қазақстан: «Жасыл ел» 3200 жасты жұмыспен қамтиды

Таза Қазақстан: «Жасыл ел» 3200 жасты жұмыспен қамтиды

Таза Қазақстан: «Жасыл ел» 3200 жасты жұмыспен қамтиды

Биыл Ақтөбе облысында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 3200 жас жұмыспен қамтылады. Жоба енді тек жаз мезгілінде емес, жыл бойы жұмыс істейді.

Жастар көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс бағыттарында еңбек етеді. Биыл 2000 жас көгалдандыруға, 1200 жас абаттандыру және студенттік құрылыс жасақтарына тартылады. Қатысушылардың жалақысы жұмыс түріне қарай 155–190 мың теңге аралығында, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

«Жасыл ел» сарбаздары ағаш отырғызу, қала тазалығын сақтау, су қоймалары мен қоғамдық орындарды тазарту сияқты экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Биылдың өзінде 180 ағаш көшеті егілді.

Бағдарламаға 16–35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Әр қатысушымен еңбек шарты жасалып, жалақысы банк картасына аударылады.

Жоба басталғалы бері өңірде 60 мыңнан астам жас еңбек етіп, 900 мыңнан астам ағаш отырғызылған, 2520 гектар жер көгалдандырылған. Сонымен қатар 1200 құрылыс нысаны салуға үлес қосылған.

Жас сарбаздардың айтуынша, «Жасыл ел» еңбекке баулып қана қоймай, жаңа достар табуға, тәжірибе жинауға және туған өлкенің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты мақсаты – жастарды жұмыспен қамту және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту.