
Заң мен тәртіп. Жаяу жүргіншілерді дрон бақылайды.
Ақтөбеде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Соның ішінде жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін сақтауына бақылау күшейтілді.
Енді қала көшелеріндегі тәртіп жерден ғана емес, әуеден де қадағаланады.
Қазіргі таңда дрондар адам көп шоғырланатын көшелер мен қоғамдық орындарды тұрақты түрде бақылайды. Әсіресе мереке күндері әуе бақылауы күшейтіліп, құқықбұзушылықтың алдын алуға басымдық беріледі.
Пилотсыз құрылғылар ең алдымен жаяу жүргіншілердің тәртібіне назар аударады. Белгіленбеген жерден өту, бағдаршамға бағынбау секілді заңбұзушылықтар бірден тіркеледі. Әрбір дерек құжатталып, тиісті шара қабылданады.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасының патрульді полиция батальонының командирі Аслан Есентаевтың айтуынша, «Жаяу жүргіншілер» атты төрт күндік жедел-профилактикалық іс-шара кезінде полиция қызметкерлері 350-ден астам жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзу фактісін анықтады. Бұл жолдағы тәртіпке салғырт қарайтындар әлі де бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар дрондар көлік қозғалысын, жолдағы жағдайды жедел бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық шешімдер бақылауды күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді. Ең бастысы — әрбір адам жолда өз қауіпсіздігін ұмытпауға тиіс.