🟦Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.
🟦Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.
🟦Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🟦Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.
– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.
t.me/aqorda_resmi