
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылған. Соңғы үш жыл қатарынан тұрғын үй құрылысының қарқыны жоспарлы көрсеткіштерден асып түсуде. Бүгінгі таңда сайлауалды бағдарлама 51,4%-ға орындалды. 2025 жылы республика бойынша жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 13,7 млн шаршы метр – көппәтерлі тұрғын үйлер, 6,4 млн шаршы метр – жеке тұрғын үйлер. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға өсіп, 3,8 трлн теңгені құрады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Республика бойынша үлестік қатысу арқылы салынған 37 проблемалық нысан бар, олар 3 мыңнан астам үлескердің мүддесін қозғайды. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында барлық нысан құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. 2025 жылы олардың жетеуінің құрылысы толық аяқталды.
«Нарықтың ашықтығын арттыруға, үлескерлердің құқықтарын қорғауға, көлеңкелі схемаларды жоюға, сондай-ақ адал құрылыс салушылар мен қаржы институттарын ынталандыруға бағытталған заңнамалық нормалар қабылданды. Атап айтқанда, бұған дейін үлестік қатысу туралы заң талаптарын айналып өту үшін қолданылған барлық шарт түрі алынып тасталды. Сондай-ақ үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салынды. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы кешендері үлестік құрылыс нысандарына теңестіріліп, заң талаптарының қолданылу аясына енгізілді», – деп түсіндірді спикер.
Оның айтуынша, 2026 жылы тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерді, соның ішінде үлестік қатысу тетіктерін пайдалана отырып ескі және апатты тұрғын үйлерді реновациялау бөлігін іске асыру шеңберінде нормативтік және ұйымдастырушылық іс-шаралардың кешені жүргізілуде.
Үлестік құрылыс саласында цифрландыру бойынша бірқатар шара іске асырылды. «Тұрғын үй порталы» ақпараттық жүйесінде үлестік құрылыс нысандарының негізгі көрсеткіштері мен динамикасын бақылауға арналған аналитикалық дэшборд әзірленді. Ол рұқсаттардың мәртебесі, Қазақстан тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдіктері, екінші деңгейлі банктер мен жергілікті атқарушы органдардың деректері, сондай-ақ құрылыс салушылардың белсенділігі жөніндегі статистиканы көрнекі түрде қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау мен бақылаудың тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар халықтың қолайлылығы үшін eGov mobile электрондық үкіметтің мобильді қосымшасында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында үлестік қатысу арқылы салынып жатқан нысандарды тексеру сервисі іске қосылды.