
Өңірде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл облыс аумағындағы 865 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсұлтан Кеңбейлов мәлімдеді. Оның айтуынша, 506 мың гектарға дәнді дақылдар, 75 мың гектарға майлы дақылдар, 277 мың гектарға мал азығы дақылдары себіледі. Картоп 3,5 мың гектарға, ал көкөніс 3,3 мың гектарға егіледі.
"2026 жылдың егісіне 283 мың га жер дайындалды, оның ішінде 170 мың га - сүр, 113 мың га - сүдігер. Егіске қажетті тұқымның 90% әзірленді. Тұқым сапасына алдын ала сараптама жүргізіліп, 99 пайызы жоғары сыныпты деп танылды" - деді басқарма өкілі.
Егіс науқанына шамамен 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың дәнсепкіш және 1,8 мың топырақ өңдеу техникасы тартылмақ. Техниканың 90%-ы дайын, жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бағаны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткеннен кейін жеткізуші оператор анықталады.