
Мемлекеттік қызметтерді үйден не жұмыс орныңыздан шықпай-ақ алыңыз: «Жеке менеджер» қызметі қалай жұмыс істейді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай мемлекеттік қызметтерді көрсету форматтарын үнемі жетілдіріп келеді. Солардың бірі – «Жеке менеджер» сервисі. «Жеке менеджер» қызметі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, көшпелі қызмет көрсету форматында да қолжетімді.
Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың барлығына арналған.
«Жеке менеджер» қызметі 2024 жылдан бастап іске қосылды және қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтерді үйде, кеңседе немесе сіз үшін ыңғайлы кез келген жерде алуға мүмкіндік береді. Тек жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл сервис арқылы көрсетілмейді. Қызмет көрсететін маман сіздің өтінішіңіздің негізінде, алдын ала келісілген уақытта келеді. Қызмет құны – 7447 теңге, оған ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.
Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары сізбен хабарласып, келу уақытын нақтылайды. Сондай-ақ, өтінімді «ЦОН» мобильдік қосымшасы және 1414 байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Операторлар кеңес беріп болған соң, сізге сілтеме жазылған жеке SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемеге өтіп, өтінімді онлайн беруге болады.
Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде де «Жеке менеджер» сервисі қарастырылған. Бұл қызметті орталықта қолдансаңыз, сізге басымдығы бар талон беріледі. Одан кейін қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұл қызметтің құны – 5697 теңге, ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында – 6306 теңгені құрайды.
Ақтөбе облысы бойынша 2026 жылдың басынан бері аталған сервиспен халыққа қызмет көрсету орталықтарында 2657 келісімшарт жасалған (оның ішінде қалалық бөлімдер – 1186, аудандық бөлімдер – 1471). Мамандандырылған бөлімінде – 402 келісімшарпен қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, жыл басталғалы «Жеке менеджер» сервисіне көшпелі қызмет көрсету форматында 14 қызметалушы жүгінген.
Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеретін және мемлекетпен өзара байланысты жеңілдететін қызметтерді кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырады.