
Мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алу мүмкіндігі: Бозой ауылдық округіндегі “Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының” жұмысы
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңын іске асыру мақсатында, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Шалқар ауданы, Бозой ауылдық округі әкімі аппаратында “Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы” жұмыс істеуде.
“Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы “– азаматтарға электрондық үкімет порталы (www.egov.kz), e-Otinish электрондық өтініштер жүйесі, E-license порталы және басқа да электрондық сервистер арқылы мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мүмкіндігін ұсынатын арнайы жабдықталған орын болып табылады. Бұрыш барлық қажетті техникалық құралдармен – компьютермен, интернет желісімен, сканер және принтермен толық қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындары өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, әртүрлі анықтамалар мен куәліктерге тапсырыс беру, мемлекеттік тіркеу және әлеуметтік қызметтерге өтініш жолдау сияқты қызметтерді өздігінен ала алады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Бозой ауылдық округі әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері азаматтарға әдістемелік көмек көрсетеді.
Бұрыштың негізгі мақсаты – тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдету, уақыт пен қаржы шығындарын азайту, сондай-ақ электрондық қызметтерді пайдалануға үйрету арқылы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.
Бүгінгі күні тұрғындар “Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы” арқылы 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрін электрондық форматта алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл ауыл тұрғындарына аудан орталығына немесе басқа мемлекеттік органдарға бармай-ақ, қажетті қызметтерді орнында шешуге мүмкіндік береді.
Бозой ауылдық округі әкімі аппараты “Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы” арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін пайдалану әрбір азаматтың өмірін жеңілдететінін атап өтеді және ауыл тұрғындарын осы мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырады.
Мемлекеттік қызметтер – қолжетімді, ашық және сапалы болуы тиіс. Уақытыңызды үнемдеңіз, электрондық қызметтерді пайдаланыңыз!
Бозой ауылдық округі әкімі аппараты