Шалқар маңындағы республикалық автожолдың 30 шақырымы пайдалануға берілді

Шалқар маңындағы республикалық автожолдың 30 шақырымы пайдалануға берілді

Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз тасжолының кезекті бөлігі іске қосылды. 194–224 шақырым аралығында енді барлық көлік түрлеріне жол ашық.

Ресми ашылу салтанатына Қауылжыр мен Мөңке би ауылдарының ақсақалдары мен белсенді тұрғындары, сондай-ақ депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

🔺

Мердігер «АссанаДорСтрой» ЖШС қазан айында тағы 30 шақырымды аяқтап- тапсыруды жоспарлап отыр. Осылайша, Қотыртас пен Қауылжыр ауылдарының арасындағы жөнделген жолдың ұзындығы 60 шақырымға жетеді.

Аймақтың ірі елді мекендерін байланыстыратын республикалық маңызы бар жолдың орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталған-ды. III техникалық санаттағы бұл жол 60 жыл бұрын салынған.

📌

Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз тасжолының ұзындығы – 401 шақырым. Былтыр Шалқар қаласы мен Қауылжыр ауылының аралығы (224–259 км), сондай-ақ Ырғыз ауылынан Самара–Шымкент трассасына дейінгі (391–401 км) учаскелер жөнделді.

Биыл 110 шақырымда жұмыстар жүріп жатыр:
 • Қандыағаш–Ізімбет елді мекендерінің арасындағы 0–25 км және 25–50 км учаскелерінде («АссанаДорСтрой» ЖШС мердігері);
 • Қотыртас–Қауылжыр аралығындағы 164–224 км учаскесінде («АссанаДорСтрой» ЖШС мердігері).

🔺

Ал Ізімбет–Бершүгір–Қотыртас ауылдарының арасындағы (50–92 км және 148–164 км) жол бөліктерін орташа жөндеу 2026 жылға жоспарланған.