«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласында №82 жаңа заманауи мектеп салынды. Оның ашылуы бүкіл өңір үшін маңызды оқиғаға айналды.
Бүгінде бұл жай ғана ғимарат емес, әр балаға сапалы білім мен жан-жақты даму үшін барлық жағдай жасалған білім ордасы болып табылады. Мектепте мектепалды даярлық топтарына арналған жеті жайлы кабинет және бастауыш сыныптарға арналған 28 арнайы жабдықталған кабинет бар, бұл балалардың білім алуын жүйелі әрі кезең-кезеңімен ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мектептің ерекше мақтанышы – оның ғылыми-техникалық базасы. Мұнда физика, биология, химия пәндеріне арналған екі-екіден кабинет, төрт информатика кабинеті, инновациялық STEM зертханасы және толық жабдықталған робототехника кабинеті жұмыс істейді. Олардың барлығы балалардың инженерия және цифрлық технологиялар әлеміне еніп, болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Оқушылардың қолданбалы дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында технология кабинеті, тігін шеберханасы, тамақтану мәдениеті залы, музыка, хореография және алғашқы әскери дайындық кабинеттері ашылған. Мектепте әлеуметтік педагог, психолог, логопед мамандары жұмыс істейді. Олар үшін жеке кабинеттер, сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер мен сенсорлық бөлмелер де қарастырылған.
Оқушылардың дене тәрбиесіне және салауатты өмір салтын ұстануына да үлкен көңіл бөлінген. Мектепте заманауи талаптарға толықтай сай келетін екі үлкен және екі кіші спорт залы бар. 444 орындық кең әрі жарық асхана мен 440 орындық акт залы әрбір оқушыға өздерін үлкен мектеп жанұясының бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.
Мектептің рухани орталығы – 40 мың кітап қоры бар кітапхана және 50 орындық оқу залы. Мұнда балалар өз білім көкжиегін кеңейтіп, ғылыми зерттеулер жүргізіп, сүйікті кітаптарын оқи алады.
Ақтөбе қаласындағы №82 мектеп – «Келешек мектептері» ұлттық жобасының балалар үшін тек білім ордасын ғана емес, армандар жүзеге асатын, мықты тұлғалар қалыптасатын, жаңа дәуірдің кәсіби мамандары тәрбиеленетін орта құрып отырғанының жарқын дәлелі.