Қазақстандық педагогтардың 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын жеткізді

Қазақстандық педагогтардың 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын жеткізді

Қазақстандық педагогтардың 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын жеткізді

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған сәттен бастап Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес педагог еңбегінің құндылығын арттыру және кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытында жүйелі әрі мазмұнды реформалар іске асырылып келеді. Бұл шаралар білім беру жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртуға ғана емес, педагог мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға да негіз болды. Жүргізілген саясаттың нәтижелілігі TALIS 2024 халықаралық зерттеуі арқылы нақты дәлелденді. Аталған зерттеу Қазақстанда педагог еңбегінің қоғамдық маңыздылығы айтарлықтай артқанын көрсетті. Педагогтердің жалақыға қанағаттану деңгейі жоғары бес елдің қатарына енді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, мұғалімдер жүктемесінің азаюы және әкімшілік рәсімдердің қысқаруы олардың кәсіби қызметіне шынайы көңіл бөлуіне мүмкіндік берген. Сонымен қатар педагог кадрлардың сапалық құрамы да нығайып, магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі тұрақты өсім көрсетуде (11%).

«Әлеуметтік қолдау шаралары да нақты нәтижелер берді. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есеге ұлғайып, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысы 30 %-ға өсті. Қосымша төлемдердің енгізілуі және еңбек демалысының 56 күнге ұзартылуы педагогтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтіп, мамандықтың тартымдылығын арттырды. Соның нәтижесінде қазақстандық педагогтардың 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын білдіріп, педагог еңбегінің қоғам тарапынан лайықты бағаланатынын атап өтуде»,-деді спикер.


Қалыптасқан оң динамиканы ескере отырып, жүргізіліп отырған реформалар мазмұндық тұрғыдан жаңа кезеңге өтуде. Осы ретте педагогтерді аттестаттау жүйесін түбегейлі жетілдіру мәселесі айрықша стратегиялық мәнге ие болып отыр. Себебі бұл тетік әрбір педагогтың кәсіби қызметіне тікелей ықпал етеді және білім беру сапасына әсер ететін маңызды құрал. Кәсіби ортада бұл өзгерістерге қатысты түрлі пікірлердің болуы заңды және үдерістің ашықтығын көрсетеді.

Қолданыстағы аттестаттау тетіктері педагогтерге негізсіз артық жүктеме түсіріп отыр. Атап айтқанда, тестілеуге дайындықтың уақытты көп алуы, портфолио қалыптастырудың күрделілігі, сондай-ақ әзірленген авторлық материалдардың практикада қажеттілігіне қатысты мәселелер.

Мұндай факторлар педагогтың негізгі міндеті - оқыту сапасына толыққанды назар аударуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты жаңартылған тәсіл артық рәсімдерді қысқарту арқылы педагог қызметін оңтайландыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде педагогқа кәсіби еркіндік беріп, оның шығармашылық және әдістемелік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.