Ақтөбелік мектеп оқушыларының 99%-ы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады

Ақтөбелік мектеп оқушыларының 99%-ы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады

Ақтөбе облысында биыл оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыстағы 1-10 сынып аралығында оқушылардың 99%-н жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді. Оның айтуынша, жазғы маусымда өңірде 7 сауықтыру орталығы, 702 мектеп жанындағы лагерь және 49 қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдар жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ маусымдық және жыл бойғы лагерьлерде ауысымдар ұйымдастырылып, балалар республикалық және өңірлік орталықтарға жіберіледі.

5 маусымдық лагерьде 8 092 бала демалады, «Күншуақ» және «Әсем» лагерлері 2 532 баланы қабылдайды. 227 оқушы «Балдәурен» мен «Бөбек» орталықтарында тынығады, ал мектеп жанындағы лагерьлерде 166 855 оқушы қамтылады. Ірі кәсіпорындардың қолдауымен 3 960 бала лагерьлерге жолдама алады. Әлеуметтік осал топтағы 14 мыңға жуық бала тегін демалыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Жасыл ел», «Мектеп орманшылығы» жобасы, мектеп ауларындағы желектендіру жұмыстары және «Спарта» еңбек жасақтарында 3713 бала жұмыс істейді, туристік сапарларға 35 314 оқушы қатысады, жазғы алаңдарда 25 684 бала демалады» - деді Бұлбұл Күзембаева.

Жазғы лагерьлерде барлығы 4850 педагог жұмыс жасайтын болады. Оған қоса, педагог мамандығы бойынша білім алатын 150 студентті жұмысқа тарту көзделіп отыр. Лагерьлерде жұмыс істеуге тартылатын барлық педагогикалық және техникалық персонал құқық қорғау органдары тарапынан тексеруден өтіп, педагогтер арнайы оқыту курстарымен қамтылады.