Заң және тәртіп: “Қарасора-2025” жедел алдын алу шарасының алғашқы айы қорытындыланды
Биыл 1 маусым - 31 қазан аралығында республика аумағында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Қазіргі таңда құқық қорғау және арнайы органдармен өзара бірлесіп, жасақталған жоспарлар бойынша негізгі күш-жігерді облыс аумағына есірткі құралдарының түсу арналарын жоюға, олардың ірі партияларын анықтауға, оның ішінде ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес күшейтілген түрде жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ марихуана өсіретін орындарды анықтап, оларды жою және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды ұстау жөнінде жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында тәртіп сақшылары жедел алдын алу шарасының 1 айдағы қорытындыларымен бөлісті.
“Рейдтік шаралар барысында «Самара-Шымкент» және «Ақтөбе-Астрахан» тас жолында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатында мобильдік топтар құрылды. Маусым айында облыс аумағында 32 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Олар - есірткі заттарын заңсыз тарату, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде сақтау, есірткі контрабандасы, есірткі заттарын заңсыз жарнамалау, құрамында есірткі заттар бар өсімдіктерді өсіру деректері. Заңсыз айналымнан 43,6 кг. есірткі тәркіленді. Ұйғарым бойынша 2500 түп қарасора өсімдігі жойылды” - деді Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының бастығы Берік Айсин.
Ақтөбе облысының аумағында халықтың есірткі заттарын қолданудан тұрақты бас тартуын қалыптастыруға, құқықтық жауапкершілігін құлақтандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті дамытуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүйелі өткізілуде. Тек маусым айының өзінде Полиция департаментімен, құзырлы мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен барлығы 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Аталған іс-шараға 900-ге жуық адам қатысып, ақпараттандырылды.