Сумен жабдықтау қызметіне енгізілген тұтынудың әлеуметтік нормалары тиімділігін көрсетуде

Сумен жабдықтау қызметіне енгізілген тұтынудың әлеуметтік нормалары тиімділігін көрсетуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселесінің өзектігін, 2025 жылдан бастап тұтынудың нақты нормаларын «көп тұтынасың – көп төлейсің» қағидаты бойынша енгізу қажет екендігін атап өтті. Аталмыш тапсырманы жүзеге асыру және су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру, тұтынушыларды суды үнемдеуге ынталандыру, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін су ресурстарын сақтау мақсатында еліміздің Табиғи монополияларды реттеу комитеті топ үшін тұтыну көлеміне қарай жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған жеке тұлғалар үшін «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізді. Оған сәйкес, суды көп тұтынғандарға жоғары тариф қолданылады. Одан түсетін қосымша табыс ескі құбырларды жөндеуге, жабдықтарды жаңартуға және қызмет сапасын жақсартуға жұмсалады.

«Бүгінгі таңда тұтынудың әлеуметтік нормалары Ақтөбе қаласындағы «Aqtobe su-energy group» АҚ-да пайдаланылып келеді. Аталмыш нормаларды енгізу инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтуды қамтамасыз етуге және тиісінше ұсынылатын сумен жабдықтау қызметтерінің сапасы мен сенімділігін жақсартуға, сондай-ақ тұтынушыларды сумен жабдықтау қызметтерін пайдалануға неғұрлым ұқыпты қарауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Енді біз осындай лимиттерді аудандық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекемелерде де қолдануды жоспарлап отырмыз» - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен.

Атап өтейік, аталған нормаларға сәйкес, бір адамға айына 3 текше метрге дейін тұтынған суы үшін тариф бағасы өзгермейді. Ал егер тұтыну мөлшері 3 м3 – 5 м3 аралығында болса – 20 %, 5 – 10 м3 аралығында – 50 %, 10 м3-тен асса 100% тариф бағасы артады. Мәселен, қазір Ақтөбе қаласының тұтынушылары үшін «Aqtobe su-energy group» АҚ тарифтері келесідей мөлшерлерде бекітілген:
- І топ – айына 3 м3 дейін тұтынумен 154,57 теңге ҚҚС есебімен;
- ІІ топ – тұтыну айына 3-тен 5 м3-ке дейін 185,48 теңге ҚҚС есебімен;
- ІІІ топ – тұтыну айына 5-тен 10 м3-ке дейін 231,86 теңге ҚҚС есебімен;
- ІV топ – айына 10 м3 астам тұтынумен және есептеу аспаптарынсыз 309,14 теңге ҚҚС есебімен.