
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығы ашылады. Бұл туралы Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Біз екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргіздік. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан ары арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік, — деді Президент.