Өткен жылы өңірде 234,2 мың гектар пайдаланылмаған жер мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарылды

Өткен жылы өңірде 234,2 мың гектар пайдаланылмаған жер мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарылды

 

2025 жылы Ақтөбе облысында пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жыл басында 160 мың гектар жерді босалқы жер қорына қайтару жоспарланып, жылдың қорытындысы бойынша 234,2 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім болды. Баспасөз мәслихатында облыстың жер қатынастары басқармасының 2025 жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, 2026 жылға арналған жоспарлары жарияланды.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында басқармамен пайдаланылмаған жерлерді қайтарып, айналымға енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нысаналы мақсатына сай пайдаланбай отырған жер учаскелері анықталып келісім шарттарды мерзімінен бұрын тоқтату арқылы мемлекеттің босалқы жер қорына жалпы көлемі 234,2 мың га жер учаскелері қайтарылды. Сонымен қатар қайтарылған жерлерді айналымға енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда өңірде мемлекет меншігіне қайтарылған 1 млн 256 мың гектар жердің 1 млн 92 мыңнан астамы айналымға енгізілді. Қалған 164,2 мың гектар жер учаскесін 2026 жылдың маусым айына дейін қайта айналымға енгізу көзделіп отыр» - деді Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Әділбек Қабидуллин баспасөз мәслихатында.

Басқарма өкілінің айтуынша, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару нәтижесінде жайылым тапшылығы бар кейбір аудандарда жайылымдық алқаптардың көлемі ұлғаюда. Қайтарылған жерлер есебінен елді мекендердің жайылымдық алаңдарын кеңейту жұмыстары әрі қарай жалғасады.