Жыл басынан бері ақтөбелік тұтынушыларға 57 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылды

Жыл басынан бері ақтөбелік тұтынушыларға 57 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылды

 

2025 жылдың алғашқы алты айында Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 769 тұтынушылық шағым келіп түскен. Шағымдардың басым бөлігі бөлшек саудамен байланысты. Сондай-ақ, онлайн сауда жасап та аузы күйгендер көп. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департамент басшысының орынбасары Бағжан Тілегенов баяндады. Оның айтуынша тұтынушылардың негізгі проблемалары - сапалы тауарды қайтарудан немесе ауыстырудан бас тарту, электрондық саудадағы жеткізу мерзімін бұзу, сапасыз тауар.

“Келіп түскен 769 өтініштің 420-сы қанағаттанарлық шешім тапты.
178 тұтынушыға құқықтық кеңес беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 122 өтініш құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды. 38 өтініш иесі мәселесі шешілген соң өтінішін кері қайтарып алды. 11 өтініш шілде айында қаралады. Осылайша биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға жалпы сомасы 56,9 млн теңге қайтарылды”-деді спикер.

Сонымен қатар кейбір тұтынушылардың құқықтары сот тәртібімен қорғалған. Департамент 6 ай ішінде 25 сот отырысына қатысып, 17 тұтынушының пайдасына 30,6 млн теңге қайтарылған. Бұған қоса, моральдық зиян мен қосымша шығындар өтелді.