2025 жылдың 4 айында ақтөбелік тұтынушылардың 34 миллион теңгеден астам материалдық шығыны қайтарылды

2025 жылдың 4 айында ақтөбелік тұтынушылардың 34 миллион теңгеден астам материалдық шығыны қайтарылды

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне құқығы бұзылған 504 тұтынушыдан өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департаменттің бас маманы Гүлзада Алматбаева мәлімдеді. Спикер тұтынушылар құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, салалалық талдау нәтижелерімен бөлісті.

«2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 504 тұтынушы өтініші келіп түсті. 285 тұтынушының өтініші қанағаттандырылып, оң шешімін тапты, 135 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілді, қалған 84 өтініш құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, төрт айда тұтынушыларға 34,3 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өтелді», - деді Гүлзада Алматбаева.

Департамент өкілінің айтуынша, құқық бұзушылықтар көбіне бөлшек сауда саласында орын алған. Бұл салада тіркелген 180 өтініш оң шешімін тауып тұтынушыларға 29,5 млн теңге қайтарылған. Осындай құқықбұзушылықтар электронды сауда саласында да орын алған. Мұнда 110 тұтынушы арызданған. Шағымдар негізінен тауардың уақтылы жеткізілмеуі, сипаттамаға сай келмеуі, сапасыз болуы және қайтару кезінде ақшаның түспеуі сияқты бұзушылықтарға байланысты. Бұдан басқа тұтынушылар тұрмыстық қызмет көрсету, туристік қызмет, білім, медицина және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік, байланыс, қоғамдық тамақтануға қатысты да шағымданған.