Ақтөбе облысында жыл сайын өтетін «Жеңіс лентасы» патриоттық акциясы басталды. Оның мақсаты – Ұлы Отан соғысы батырларының естелігін сақтау.
Акцияның алғашқы күні студенттер алаңдарда, сауда орталықтары мен көшелерде ақтөбеліктерге көк ленталар таратты. Еріктілер барлығы 700 лента таратып, Жеңіс күніне арналған құттықтаулар мен алғыстарға бөленді.
Майданда шайқасқандардың ерлігі мен өрлігін баршаның есіне салатын «Жеңіс лентасы» акциясы 9 мамырға дейін жалғасады.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақтөбеде 312-атқыштар дивизиясы, 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы, 129-минометшілер полкі және басқа да әскери бөлімдер мен бөлімшелер жасақталды. Облыстан 122 мыңнан астам адам майданға шақырылса, 36 мыңнан астамы соғыстан оралмаған. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атағын алып, 9 адам Даңқ орденімен марапатталды.
Бүгінде Ақтөбе облысында 130-дан астам көше сол соғыс батырларының есімімен аталады, оның ішінде 35-ке жуық көше облыс орталығы – Ақтөбе қаласында орналасқан.