Соңғы жылдары Ақтөбе облысында мәдениет пен өнер саласының белсенді дамығанын көруге болады. Бейінді басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері облыстағы мәдени мекемелер өткізген 8,7 мыңнан аса іс-шара 829 мыңнан астам адамды қамтыған. Мамыр айының көп күткен оқиғаларының бірі – Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған мюзиклдің премьерасы.
Облыстың мәдени өмірінде кітапханалардың алатын орны зор. Бүгінде Ақтөбе облысында 233 мемлекеттік кітапхана жұмыс жасап тұр. Былтыр бұл мекемелердегі оқырман саны өткен жылмен салыстырғанда 6,01 пайызға артып, 297 мыңнан асты. Ақтөбеліктердің әдебиетке, білімге деген қызығушылығы артып келеді.
Өңірдің мәдени мұрасын сақтап, насихаттауда мұражайлардың рөлі ерекше. Ақтөбе облысында 21 мұражай бар, олардың қорлары жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып отырады. Тек былтырдың өзінде мұражайдың қорларына 3857 жаңа экспонат қосылса, биылғы жылдың төрт айында 1808 экспонат қосылды.
Бұдан бөлек, өңірде тарихи-мәдени мұраны зерделеу мен сақтауға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Республикалық маңызы бар ескерткiштердiң мемлекеттiк тiзiмiне 9 нысан, ал жергiлiктi маңызы бар 863 ескерткіш енген. Олардың едәуір бөлігі, яғни 669 ескерткіш -археологиялық. 2024 жылы Әйтеке би және Қобда аудандарында ғұн дәуірінің ескерткіштеріне археологиялық зерттеу, Мәртөк, Қарғалы аудандарында тас және палеометалл дәуірінің ескерткіштерін зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Темір ауданындағы «Досжан ишан» мешіті мен Қобда ауданындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Алға ауданындағы жел диірмені және Байғанин ауданындағы «Тасқабақ» кешенінің Жұмағали ишан мешіті сияқты тарихи орындарды консервациялау, яғни ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарының маңызы зор. Сондай-ақ, Мұғалжар ауданындағы «Молдағазы көк» мешіті, Ырғыз ауданындағы Дүйсенбі ахун және Шалқар ауданындағы Мәтіғұл кесенесі сынды айтулы нысандарды қайта жаңғыртудың ғылыми жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Айта кетейік, 2025 жылға облыста алты мәдени нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, үшеуін салу жоспарланып отыр. Маңызды жобалардың бірі Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабының аумағында кітапханамен біріктірілген Мәдениет үйінің құрылысы болып табылады.