Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған бұқаралық жүгіру – «Жұбанов RUN» марафоны сәтті өтті.
Бұл марафон — салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тәрбиені күшейту және жастарды қоғамдық белсенділікке жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды шара. Жүгіруге 685 адам қатысты. Қатысушылар тек Ақтөбеден ғана емес, Алматы, Қостанай және Атырау қалаларынан да арнайы келіп, бастаманы қолдады.
Марафонға түрлі сала өкілдері – мұғалімдер, кәсіпкерлер, спортшылар, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар 2,5 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Жарыс жас ерекшелігі мен жынысына қарай бірнеше санатқа бөлініп ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сертификаттар мен арнайы сыйлықтар берілді. Жүгіру алдында Sunshine фитнес клубының кәсіби жаттықтырушылары сергіту жаттығуын өткізіп, шараның басталуына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ашылу салтанатында университеттің Ғылым және инновация жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың жастар тәрбиесінде және қоғамдағы белсенділікті арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Қ. Жұбанов атындағы АӨУ алдағы уақытта да салауатты өмір салтын қолдайтын, тарихи тұлғалардың ерлігін дәріптейтін, елдік рухты көтеретін қоғамдық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырады.