Ақтөбенің ірі кәсіпорындары қаланы абаттандыруға атсалысады: 11 бос аумақта саябақтар мен аллеялар пайда болады

Ақтөбенің ірі кәсіпорындары қаланы абаттандыруға атсалысады: 11 бос аумақта саябақтар мен аллеялар пайда болады

Биыл Ақтөбе қаласында ауқымды абаттандыру жобасы басталды. Оның аясында 11 бос жатқан аумақ жайлы саябақтар мен аллеяларға айналады. Бұл бастама қаланың ірі демеушілерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Олар қалалық инфрақұрылымды жақсартуға өз үлесін қоспақ.

Жоба барысында қаланың әртүрлі бөліктеріндегі бос жерлер абаттандырылады. Атап айтқанда, Алтын Орда шағын ауданы, М.Мәметова, Бөкенбай батыр көшелеріндегі, Есет батыр тұрғын алабындағы және басқа да бос жерлер қамтылады.

Бұл жерлерде жайлы демалыс аймақтарының пайда болуы – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам. Барлық учаскелерде ағаштар отырғызылып, суару жүйесі орнатылады, кеспе тастар төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын архитектуралық формалар орнатылады. Сонымен қатар, балалар алаңдары мен түнгі жарықтандыру қарастырылған.

Жобадағы нысандардың бірі – ұзақ жылдар бойы жаңартуды қажет еткен «Сапар» автовокзалы алдындағы алаң. Аумағы 3800 шаршы метр болатын бұл аумақты қаланың көрікті жасыл аймағына айналдыру міндетін «Айс-плюс» компаниясы өз мойнына алды.

«Мұнда орындықтар, субұрқақ және автоматты суару жүйесі орнатылып, жарықтандырылады, жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Түрлі ағаштар мен гүлдер отырғызамыз. Жұмыс аяқталғаннан кейін бұл аумақты күтіп ұстау жауапкершілігін де өзіміз аламыз», – дейді компания директоры Қуаныш Ищанов.

Абаттандырылатын аумақты көгалдандырумен «Эльмира» эко тәлімбағы айналысады. Мұнда қарағай, терек, шетен және басқа да сәндік ағаштар мен бұталар отырғызу жоспарланған.

Ірі жобалардың қатарында – аумағы 1,3 гектар болатын Есет батыр тұрғын алабындағы саябақтың құрылысы. Жұмыстар 1 мамырда басталып, аяқталуы ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған.