Ақтөбе облысының медицина мекемелері 15 реанимобиль көліктерімен толықты

Ақтөбе облысының медицина мекемелері 15 реанимобиль көліктерімен толықты
«JAC Ѕunray» маркалы соңғы үлгіде жабдықталған 15 реанимобиль автокөліктері Ақтөбе облысына қарасты барлық аудандық аурухана мекемелеріне берілді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездесіп, санитарлық автотранспорттың кілттерін табыстады.
"Мемлекет Басшысының тапсырмасына сай Үкімет басшылығы, жергілікті атқарушы орган азаматтарымызды қауіпті індеттен аман алып қалу үшін тиісті шараларды қабылдап, қаражат бөлді. Ешқашан болып көрмеген мұндай дерттің ауыртпалығы барлығына оңай соқпады, дегенмен тәжірибелі дәрігерлеріміздің арқасында науқастардың денсаулығын қалыпқа келтірдік. Еңбегіне адал ақ халатты жандарға алғыс білдіремін”,-деді Оңдасын Оразалин.
Ақтөбе облысында 341санитарлық автокөлік бар. 2020 жылы жергілікті бюджеттен 239,4 млн. теңгеге "УАЗ" санитарлық автокөлігінің 24 бірлігі және "FORD" маркалы 1 неонаталды реанимобиль сатып алынды.
Бұдан басқа, қаржы лизингі арқылы 41 реанимобиль, оның ішінде 19 бірлік "Hyundai H-350" маркалы реанимобиль, 20 «JAC Ѕunray» реанимобиль және 2 "УАЗ" Профи реанимобиль алынды.
Бүгінгі іс-шарада аудандардың медициналық кәсіпорындарына 15 бірлік санитарлық автокөлік берілді. 2021 жылы жергілікті бюджет арқылы облыстың медициналық кәсіпорындары үшін 21 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланған.
Облыс әкімі шарадан соң, Ақтөбе медициналық орталығында ашылған кардиореанимация-кардиология бөлімінің жұмысымен танысты. Пандемияның өршуі мүмкін қауіптілігіне байланысты ашылған бөлімде covid-19 инфекциясын жұқтырған, қосымша жүрек талмасымен ауыратын науқасқа шұғыл көмек көрсетілетін болады. 36 орынға арналған медициналық бөлім Германия, Жапониядан жеткізілген қажетті құрылғылармен жабдықталған.
 
Облыс әкімінің баспасөз қызметі