
Шара аясында облыс мектептерінің оқушылары қоршаған ортаны қорғау бойынша өз жобалары мен идеяларын ұсынды.
Ауқымды іс-шара «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №80 орта мектеп базасында өтіп, жас ұрпақ арасында экологиялық құндылықтарды насихаттаудың жарқын алаңына айналды.
Экофестивальге қатысқан өңір басшысы Асхат Шахаров экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру маңызды екенін айтып, мұндай бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеуге ықпал ететінін жеткізді.
Әкім сондай-ақ екі жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы іске қосылғанын еске салды. Бүгінде бұл бастама ел аймақтарында кең қолдау тауып, Ақтөбе облысында белсенді жүзеге асырылып келеді. – деді әкім.
Экофестиваль бағдарламасы аясында қонақтар бірқатар маңызды жобамен танысты. Балабақшалар, мектептер және колледждер ұсынған бастамалар білім берудің барлық деңгейінде экологиялық тәрбиенің сабақтастығын танытты. Әсіресе экожобалар көрмесі мен «ЭКО-ART» жас суретшілер экспозициясы үлкен қызығушылық тудырып, онда шығармашылық арқылы өзекті экологиялық мәселелер көтерілді.
Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі «Күн нұрынан туған жасыл әлем» тақырыбындағы флешмоб болды. Ол қатысушыларды табиғатты сақтау және тұрақты болашақ идеясы төңірегінде біріктірді. Флешмоб барысында алғаш рет «Таза Қазақстан» акциясына арналған гимн орындалды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы оқушы, білім саласының ардагерлері және мәслихаттардың депутаттарымен бірге №80 мектеп ауласына көшеттер отырғызды.
Айта кетейік, өңірде облыс әкімінің бастамасымен «Мектеп орманшылығы» жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Оның аясында оқушылар көшет отырғызып, оларды күтіп-баптайды, осылайша экологиялық тәрбиені тәжірибе жүзінде меңгеріп, табиғатқа деген қамқорлықты ерте жастан қалыптастырады. Сондай-ақ экологиялық тәрбие облыс балабақшаларынан бастау алады, онда балаларға қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ерте жастан үйретіледі.