
Ақтөбедегі Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп-гимназиясында құқық қорғау қызметкерлері мен қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері оқушылармен кездесу өткізді. «Жастарға кеңес» жобасы аясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында оқушыларға қоғамдағы тәртіптің маңызы, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді. Спикерлер жас буынға саналы таңдау жасаудың маңызын атап өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Заңды білу – әрбір жасөспірім үшін маңызды. Ал оны сақтау – болашақтағы табысты өмірдің кепілі. Құқықбұзушылықтың алдын алу ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады», – деп атап өтті Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұржан Искалиев.
Өз кезегінде Ақтөбе қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ержан Аманжолов жастарды бос уақыттарын барынша тиімді пайдалануға шақырды. Әлеуметтік желілерді сақтықпен қолдануды ұсынды. Бос уақытта жастарды қоғамдық, мәдени, спорттық және зияткерлік байқауларға белсенді қатысуға шақырды.
Іс-шараға мектеп әкімшілігі өкілдері де қатысып, тәрбие бағытындағы мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін нығайтып, оларды жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.