
Көктемгі мерекелер қарсаңында №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанынан салынған бұл нысан тұрғындар күткен маңызды оқиға болды.
Спорт кешені ел Президентінің тапсырмасы бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында салынды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов, Шалқар ауданының тұрғындары, еңбек ардагерлері мен жас спортшылар қатысты.
Соңғы үш жылда Шалқар ауданында екі мектеп, екі ауылдық клуб, үш медициналық пункт ашылды, ұзындығы 156 шақырымды құрайтын «Қандыағаш – Ембі – Шалқар» автожолы жөнделді, төрт ауыл газға қосылды. Биыл аудандық ауруханаға қосымша ғимарат пен өнер мектебінің құрылысы басталады.
Облыс әкімінің орынбасары алдағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға да тоқталды.
Өз кезегінде облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов жаңа спорт кешенінің ашылуы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға серпін беретінін айтты. Ол жас спортшыларға табыс пен үлкен жеңістер тіледі және тұрғындарды алдағы референдумға қатысуға үндеді.
Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – әкімшілік блок, жаттығу залы және тереңдігі 2 метрге дейінгі 25 метрлік бассейні бар бір қабатты ғимарат. Мұнда киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары мен медициналық кабинет қарастырылған.
Кешенде жүзу және су спорт түрлері, пауэрлифтинг, ауыр атлетика, кроссфит бойынша жаттығулар, сондай-ақ шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелері өткізіледі. Жалпы алғанда, мұнда 336 бала спортпен шұғылдана алады.
Спорт нысанының құрылысы 2023 жылдан бері жүргізілді. Ауданға жұмыс сапары барысында өңір басшысы аяқталмаған нысанды қарап, құрылысты қайта жандандыруды тапсырған еді. Сондай-ақ оның тапсырмасымен жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде бассейн салу жобасы әзірленді.
Жергілікті тұрғындар да қуаныштарын жасырмады. 70 жастағы шалқарлық Жеткерген Өтегенов бұл күнді ұзақ жылдар күткенін айтты.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы ауданда заманауи спорттық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Жаңа нысан спортпен шұғылдану мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, шалқарлықтар үшін белсенді әрі салауатты өмір салтының орталығына айналмақ.