Оймауыт ауылына газ берілді

Оймауыт ауылына газ берілді

Байғанин ауданына жұмыс сапары аясында өңір басшысы Асхат Шахаров ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға – газ құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты.

Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауылға газдың келуі Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту және қажетті инфрақұрылыммен қамту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылғанын алға тартты.

«Бүгін ауыл үшін жаңа даму кезеңі басталып отыр. Газға қосылу – бұл тек жылу мен тұрмыстық жайлылық қана емес, сонымен қатар экономиканың өсуіне, шағын бизнестің және әлеуметтік саланың дамуына нақты мүмкіндіктер ашады. Жастардың туған ауылында қалып, еңбек етіп, болашағын осы жерде құруына жағдай жасалады. Газ құбырының іске қосылуы – өмір сүру сапасын арттыру мен ауыл инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Үйлеріңізде әрдайым жылу мен жайлылық, адамдардың жүрегінде ертеңгі күнге деген сенім болсын, ал ауылымыз дамып, нығайып, одан әрі гүлдене берсін», – деді облыс әкімі.

Ауылдағы газ құбырының құрылысы екі жылдан астам уақытқа созылды. Жобаны іске асыруға 8,3 млрд теңге жұмсалды, құрылыс жұмыстарын «Алия-Сервис» ЖШС мердігер ұйымы атқарды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 184,8 шақырым.

Газ беру салтанатынан кейін облыс әкімі алғашқылардың бірі болып көгілдір отын қосылған Оймауыт ауылының 105 жастағы тұрғыны Тұраш Құдайқұлованың шаңырағына барды. Өңір басшысы ғасыр жасаған кейуанаға Тәуелсіздік күнімен және ауыл үшін маңызды оқиғамен құттықтап, әңгімелесті.

Тұраш Құдайқұлова Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекенінде дүниеге келген. 1944 жылы жұбайы Жантай Құдайқұловпен бірге Доңызтау аймағына қоныс аударып, 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. 1972 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін сегіз баласын өзі өсіріп-жеткізді. Бүгінде оның 33 немересі, 64 шөбересі және 12 шөпшегі бар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек еткен, ал 1944–1970 жылдары Байғанин ауданының Оймауыт совхозының ауылдық кеңесінде қызмет атқарған. Әкіммен болған әңгімеде Тұраш Құдайқұлова туған өлкенің өркендеуін тілеп, ақ батасын берді. «Елімізге тыныштық, береке-бірлік пен тұрақтылық тілеймін. Әр отбасында татулық пен бақыт орнасын, жас ұрпақ туған жерін сүйіп, дәстүрін құрметтейтін, дені сау әрі еңбекқор болып өссін», – деді ғасыр жасаған ана.

Бүгінде Оймауыт ауылында 770 адам тұрады. Елді мекен Байғанин ауданындағы ең шалғай ауылдардың бірі саналады. Экономикалық тұрғыдан ауыл дамыған: мұнда 3 ЖШС мен 30 шаруа қожалығы жұмыс істейді, 3 азық-түлік дүкені бар. Ауылда мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, балабақша және дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған.

Айта кету керек, Байғанин ауданындағы 24 елді мекеннің 10-ы газбен қамтылған, бұл 19 100 тұрғынды қамтиды. Алдағы уақытта тағы 10 ауыл газға қосылмақ. Олардың қатарында Қопа, Баршақұм, Айрық, Көптоғай және басқа да елді мекендер бар. Қосарал және Көкбұлақ ауылдарында газ құбырын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаларды іске асыру 2026–2028 жылдарға, бюджет нақтыланғаннан кейін жоспарланып отыр.