137 мыңнан астам ақтөбелік тұрғын мемлекеттік кепілдендірілген көмек аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді

137 мыңнан астам ақтөбелік тұрғын мемлекеттік кепілдендірілген көмек аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен  жиында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Құрманғазықызының мәліметінше, республикалық бюджет есебінен облыстағы 41 медициналық ұйым 508 атауға ие дәрі-дәрмек пен медициналық бұйыммен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 9,4 млрд теңге бөлінген.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі ақпараттық жүйенің деректері бойынша, бүгінгі таңда 137 мыңнан астам пациент жалпы сомасы 8,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алған.

Биыл сирек кездесетін және өмірлік маңызды аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған 413 ақтөбелік тұрғынды, соның ішінде балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен «Қосымша ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 773,5 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық қаражаты есебінен 18 ақтөбелік тұрғын құны қымбат дәрі-дәрмекпен қамтылды, оның ішінде 9 пациент – онкологиялық диагнозы бар науқастар.

Жиын барысында облыс әкімі Асхат Шахаров өңір тұрғындарын тұрақты әрі ұзақмерзімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан науқастарға ерекше назар аударуды тапсырды.

Әкім жекелеген дәрі-дәрмектердің тапшылығы, дәріханалардағы баға мониторингі, халықты вакцинациялау және профилактикалық тексерулерді ұйымдастыру шаралары сияқты бірнше мәселе көтерді.

«Өңір тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеудің қолжетімділігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты Облыстық денсаулық сақтау басқармасына халықты дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеп, оны 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін бекітуді тапсырамын. Сондай-ақ медициналық ұйымдардағы дәрі қорының ай сайынғы мониторингін жүргізіп, тапшылықтың алдын алу мақсатында тұрақтандыру қорын толықтыру шараларын қабылдау қажет», – деді Асхат Шахаров.

Бұл шараларды жүзеге асыру дәрі-дәрмектерге деген қолжетімділікті арттыруға, тұрғындардың шағымдары мен кезектерін азайтуға, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытындағы медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.