
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, бүгінде өңірде 248 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Басқарма өз құзыреті аясында лицензиялық және келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын бақылап, процесті жеңілдету үшін цифрлық құралдарды енгізуде.
2025 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы minerals.e-qazyna.kz арқылы лицензия алуға өтінім беру, келісімшарттар жасасу және лицензиялық-шарттық талаптар бойынша есептілікті тапсыру жүзеге асырылады. Бұл жүйе міндеттемелердің орындалуын нақты уақыт режимінде бақылауға және саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Геологиялық ақпаратты цифрландыруға баса назар аударылды. Аймақ басшысы әрбір кен орнының пайдалану тиімділігін бағалап, игерілмеген учаскелер мен олардың игерілмеу себептерін анықтауды, сондай-ақ геологиялық ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында цифрлық геологиялық карта әзірлеуді тапсырды.
Баяндаманы тыңдаған соң, өңір басшысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бір ай мерзім ішінде геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамытудың өңірлік кешенді жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану учаскелерінің бірыңғай цифрлық картасын жасап, өңірлік деректерді толықтай «Электрондық жер қойнауын пайдалану» жүйесіне енгізуді тапсырды.
«Бұл шаралар өңірдің минералдық-шикізат базасын объективті түрде бағалауға және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Пайдалы қазбалар қоры туралы деректерді өзектілендіріп, салалық ұйымдармен бірлескен мониторинг жүргізу қажет. Цифрлық технологиялар басқармасымен бірге геологиялық деректерге қолжетімділікті жеңілдететін және рұқсат беру процестерін автоматтандыратын пилоттық платформаны әзірлеуі тиіс. Бұл ашықтықты, есептілікті қамтамасыз етіп, өңірге жаңа инвестициялар тартуға жол ашады», – деп атап өтті өңір әкімі.