
Жыл соңына дейін әлі 6 ауылға газ келеді. Бұл өңір үшін рекордтық көрсеткіш.
Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Ұлғайсын мен Қияқты ауылында газ құбыры іске қосылды.
Аралтоғай ауылдық округінің аумағы 211 мыңнан астам гектар, округ құрамына 4 елді мекен кіреді. Ауылдық округте жалпы халық саны 1649 болса, көгілдір отын кірген Ұлғайсын ауылыда 63 үй, 374 тұрғын, ал Қияқтыда 33 үй, 208 тұрғын бар.
Биылғы жылы аудан бойынша көгілдір отынға 5 ауыл қосылып, жалпы саны 18-ге жетті, осылайша 18 мыңнан астам тұрғын немесе аудан халқының 87,5%-ы көгілдір отынды пайдаланып отыр.
Жоба аясында «КазПромСтройГрупп» ЖШС мердігер компаниясы 110 шақырымдық жеткізуші және ауылішілік газ желісін салды.
Газ жүйесін іске қосу салтанатына аудан әкімі Д.Тоғызбаев, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Айтбаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысып, тарихи сәтке куә болды.
Көгілдір отынның келуі халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
«Бүгін ауылымыз үшін қуанышты әрі тарихи күн деп айтуға болады. Көптен, асыға күткен табиғи газ ауылымызға жетті. Бұрын көмір жағып, күл шығарып, отын дайындап, әуре болатынбыз. Енді үйіміз таза, жылы. Бұл - әрбір отбасы үшін үлкен жеңілдік», - деп ауыл тұрғыны Зияш Қалиева қуанышымен бөлісті.