Таза Қазақстан: ақтөбелік экобелсенділер «Ретро» саябағын тазартты

Таза Қазақстан: ақтөбелік экобелсенділер «Ретро» саябағын тазартты

Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Тазалық - тәртіптің айнасы» атты экологиялық акциясын ұйымдастырды. Экологиялық шара аясында 60-тан астам студент, белсенді және волонтер жастар қаладағы «Ретро» саябағын қоқыстан тазартты. Акция барысында жастардың экологиялық санасын арттыруға, оларды қоғамдық пайдалы іске тартуға, сондай-ақ еңбекқорлық пен отансүйгіштік сияқты моральдық құндылықтарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Таза Қазақстан акциясы - елдің экологиялық болашағы үшін жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар жастарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға деген қамқорлық көрсетуге тәрбиелейді. Бүгінгі жастар - ертеңгі елдің тірегі. Олардың белсенді экологиялық ұстанымы - Қазақстанның тұрақты дамуының негізі. Осындай акциялар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ортақ мүдде жолында бірігуге үйретеді. Әрбір жастың табиғатты қорғауға қосқан үлесі - елдің жарқын болашағына жасалған нақты қадам» - деп атап өтті Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Әлішер Садық.

Сондай-ақ, акцияның белсенді қатысушыларының бірі, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің 2-курс студенті Ақжол Базарбаев өз әсерімен бөлісті: «Таза Қазақстан акциясына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл шара маған қоршаған ортаны қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берді. Табиғаттың тазалығын сақтау - әр азаматтың борышы, өйткені бұл біздің болашағымызға тікелей байланысты. Менің ойымша, экологиялық мәдениет - ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан әрқайсымыз табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосуымыз қажет».

Айта кетейік, Ақтөбеде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында екіайлық тазалық акциясы жарияланды. Оның аясында тұрғындар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері және кәсіпкерлер әр апта сайын сенбіліктер өткізіп, өңірдің тазалығына үлес қосады.