Ақтөбеде 200-ден астам шебердің қатысуымен «Шеберлер шеруі» фестивалі өтуде

Ақтөбеде 200-ден астам шебердің қатысуымен «Шеберлер шеруі» фестивалі өтуде

«Шеберлер шеруі» мегафестивалі Ақтөбе өңірі мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлерін бір арнаға тоғыстырды. Бұл шара ұрпақтар сабақтастығының нағыз көрінісіне айналып, халықтық қолөнер мен заманауи үрдістерді біріктірді.

Фестивальді облыс әкімі Асхат Шахаров ашып, құттықтау сөзінде ұлттық қолданбалы өнерді сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

«Қолөнер – халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасқан, ғасырлардан жеткен қазына. Әр оюдың, әр өрнектің өзіндік тарихы, тәрбиелік мәні бар. Бүгінгі күні осы өнердің қайта жаңғырып, жаңа технологиялармен үндесіп дамуы – рухани байлығымыздың мерейі. Ал осындай қазақтың өнері мен дәстүрін заманауи жаңашылдықпен, бүгінгі күннің ырғағына сай дамытып жүрген – қолынан бал тамған ісмерлер мен тігіншілер. Олар – тек бұйым жасаушы ғана емес, ұлт руханиятының жаршысы. Ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мұндай шеберлердің еңбегі айырықша бағаланып, еңбек адамы ретінде құрметке ие болып отыр. «Шеберлер шеруі» фестивалі қазақ қолөнерін насихаттап қана қоймай, жастарды қанаттандырып, мәдениеттің сабақтастығының айқын үлгісіне айналып үлгерді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі барлық шебер және ісмерлерге қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріп, «Шеберлер шеруі» Ақтөбенің жыл сайынғы дәстүрлі мәдени шарасына әрі өңірдің айырықша брендіне айналатынына сенім білдірді.

Фестиваль облыс әкімдігінің қолдауымен республикалық әйелдерге арналған «Бақытты отбасы» ақпараттық кеңес-білім беру орталығының ұйымдастыруымен өтуде.

Басты мақсат – дәстүрлі қолөнер техникасын сақтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа үйрету, шеберлер мен шәкірттерді біріктіріп этникалық бұйымдар, шығармашылық алаңдар мен этнофотозоналар жасау.

Шараның құрметті қонағы ретінде «Құрмет» орденінің иегері, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада. Қолөнер шебері Ақтөбеге ұлттық өнерді дамытудағы тәжірибесімен бөлісу үшін шақыртылды. Ол көптеген жылдар бойы қазақ қолөнерін жаңғыртып, жас шебер қыз-келіншектерді оқытып, елдің қолданбалы өнерін әлемдік аренада насихаттап келеді.

Фестиваль аясында төрт бағыт бойынша шеберлік сабақтары өтуде: заманауи құрақ құрау, киіз басу, «терме» тоқу және ши орау. Сабақтарға қызығушылық білдірген кез-келген адам қатыса алады.