Сазды жаңа мектебі – білім болашағына жасалған қадам

Сазды жаңа мектебі – білім болашағына жасалған қадам

Жаңа оқу жылынан бастап өңірдің білім беру картасы тағы бір маңызды білім ордасымен толықты. Сазды тұрғын алабында ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ұясы – Сазды орта мектебі өз жұмысын бастады.

300 орынға есептелген жаңа мектеп заманауи талаптарға толықтай сай. Мектеп алды даярлық тобы үшін бөлек кабинет пен ойын бөлмесі қарастырылған. Бастауыш буынға арналған 6 арнайы кабинет бар. Оқушылар физика, химия, биология пәндерін арнайы жабдықталған кабинеттерде меңгеріп, цифрлық технологияларды 2 информатика сыныбында тәжірибеден өткізе алады. STEM зертханасы мен робототехника кабинеті оқушылардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырады, олардың жаңа әлемге жол ашуына мүмкіндік береді.

Сазды орта мектебінде білім беру тек дәстүрлі сабақтармен шектелмейді. Мұнда технология кабинеті, тігін шеберханасы, тамақтану мәдениеті залы, музыка, хореография, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттері жұмыс істейді. Оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік педагог, психолог, логопед, кәсіби бағдар беруші және заңгер қызмет атқарады. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сенсорлық бөлме мен арнайы кабинеттер қарастырылған.
Мектепте кең әрі жарық спорт залы, 80 орындық заманауи асхана мен 100 орындық мәжіліс залы оқушылар мен ұстаздардың қолайлы жағдайына қызмет етеді. Интеллектуалдық дамуға ерекше көңіл бөлінген: 10 орындық оқу залы және 7 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана – нағыз рухани байлық пен білім ордасына айналған.

Бүгінде Сазды орта мектебі – жай ғана жаңа білім мекемесі емес, бұл – болашақ білімінің символы, балалардың қауіпсіз, заманауи әрі технологиялық ортада өсіп, дамуына жағдай жасайтын қасиетті шаңырақ. Ең бастысы – мұнда уақыт талабына сай тұлға қалыптасып, елдің ертеңіне жауапты азамат тәрбиеленеді.