Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 273 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Ал үш ай бұрын көрсеткіш 112 мың адамды құрады.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтың айтуынша, өңірде экологиялық акция аясында жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Жыл басынан бері іс-шараларға 273 мыңнан астам тұрғын, 7 700-ден астам ұйым мен кәсіпорын қатысқан. 79 мың аула, 1 600-ден астам әлеуметтік нысан, 342 парк пен алаң, сондай-ақ 215 су айдынының жағалауы мен 63 шақырым арық тазартылды.
Соңғы үш айда халық пен бизнестің белсенділігі екі есеге артты. Экологиялық акцияларға оқушылар, студенттер, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер қосылды. Өңірде «Таза сенбі», «Тазалық күні», «Жалпыұлттық ағаш отырғызу күні» және тағы да басқа республикалық және өңірлік акциялар өткізілді.
«Соңғы үш айда бизнес пен тұрғындардың белсенділігі екі есе артты. Акцияларға оқушылар, студенттер, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлер қатысып жатыр», – деп атап өтті Исатай Еспағанбетов.
Бағдарлама аясында «Таза сенбі», «Таза бұлақ», республикалық ағаш отырғызу күні, Құстардың халықаралық күні және Қоршаған ортаны қорғау күніне арналған іс-шаралар өтті. Өңірде «Үздік аула» және «Үздік көше» байқаулары аяқталды, сондай-ақ «Дүниежүзілік тазалық күні» және «Мектеп орман шаруашылығы» акциясы ұйымдастырылды. Қыркүйекте «Дүниежүзілік тазалық күні», ал қазанда «Таза жағалау» және «Мектеп орман шаруашылығы» экологиялық іс-шаралары жоспарлануда.
Сонымен қатар баяндамашы шешілмеген мәселелер де бар екенін атап өтті: тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, жаңа қоқыс полигондарын салу, жасыл желектерді күтіп-баптау мәселелері.
Облыс әкімі Асхат Шахаров аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдіктеріне тұрғындарды сенбіліктер мен экологиялық акцияларға белсенді тартуды, «Таза Қазақстан» платформасына келіп түскен өтініштерді сапалы қарауды және өңірлік жоспардың іс-шараларын уақтылы орындауды тапсырды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы – бірреттік акция емес, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен маңызды бағдарлама. Жұмыстар жалғасады және Президент Әкімшілігінің тұрақты бақылауында болады. Оның жүзеге асырылуына мемлекеттік органдар ғана емес, әрбір облыс тұрғыны тартылуы тиіс», – деп атап өтті өңір басшысы.
Әкім сондай-ақ барлық елді мекендердің дендрожоспарын аяқтауды, күзгі ағаш отырғызу жұмыстарына дайындық пен қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Жасыл желектердің жерсініп кетуі үшін Асхат Шахаров өңірдің климатына барынша бейімделген ағаш түрлерін таңдауды және қарапайым суару жүйесін жолға қоюды ұсынды.
Өңір басшысының айтуынша, тек кешенді және жүйелі шаралар ғана экологиялық жағдайды жақсартуға және табиғатты аялаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.