Өрттен зардап шеккендерге қора-жайларын қалпына келтіруге көмек көрсетіліп, қысқы мал азығы тегін жеткізіледі

Өрттен зардап шеккендерге қора-жайларын қалпына келтіруге көмек көрсетіліп, қысқы мал азығы тегін жеткізіледі

 

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан Қобда ауданының Әлия ауылында  қора-жайлары өртенген тұрғындармен кездесті.  

Еске салайық, 2025 жылы 19 тамыз күні Қобда ауданының Әлия ауылында жеке тұрғын үйдің қора-жайында өрт шықты. Қатты желдің салдарынан тілсіз жау көрші аулаларға таралды, қызыл жалынның шарпыған жалпы аумағы 1100 шаршы метр.

Оқиға басталған сәттен бастап жағдай облыс әкімінің бақылауына алынды. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті, 20982 әскери бөлімі және 4 өрт сөндіру бекетінің күші жұмылдырылды. Барлығы 188 адам және 25 арнайы техника қатысты.

Ауыл құтқарушыларының жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрттің тұрғын үйлерге таралуына жол берілмей, 16 үй аман қалды. Зардап шеккендер мен мал шығыны жоқ. Өрт толық сөндірілді. Дегенмен, тоғыз үйдің қора-жайы мен қысқы мал азығын от шарпыды.

Өңір басшысының тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Арнайы комиссия құрылып, оған аудан әкімі жетекшілік етеді. Әрбір зардап шеккен отбасыға қора-жайларын қалпына келтіруге қажетті материалдық көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, мал азығы толық көлемде тегін жеткізіледі.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Айбат Жанабергенов тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе мал азығын тұрғын үйлерден кемінде 15 метр қашықтықта сақтау және электр желілерінің маңына жинамау аса маңызды.