1 қыркүйекке қарай «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында төрт жайлы мектептің ашылуы жоспарланып отыр

1 қыркүйекке қарай «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында төрт жайлы мектептің ашылуы жоспарланып отыр

Жаңа оқу жылына білім беру мекемелерін дайындау мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мектептердің құрылысы мен оқушыларды қабылдауға дайындығы туралы баяндады.

Биыл облыстағы мектептерде шамамен 190 мың оқушы білім алады, оның ішінде 19 мыңнан астамы – енді ғана мектеп табалдырығын аттайтындар.

Жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында төрт мектеп пайдалануға беріледі деген жоспар бар: Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында 300 орындық, Ақтөбе қаласының «Саяжай-1» тұрғын алабында 300 орындық, «Бауырластар-3» тұрғын алабында 600 орындық және «Алтын Орда» ықшам ауданында 2000 орындық мектеп.

12 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қобда ауданының Қызылжар мектебі мен Алға ауданының Қарабұлақ мектебі дайын. Қалған 9 мектептегі жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады. Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжіндегі жұмыстар қазан айында бітуі тиіс, сабақтар уақытша екі ауысымда ұйымдастырылады.

Тағы 388 мектептегі ағымдағы жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Жаңғырту және реновация бағдарламалары аясында 111 мектепте жөндеу, пән кабинеттері, кітапханалар және асханалар үшін жиһаз бен жабдықтар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,7 млрд теңге бөлінген.

Облыстағы барлық мектеп қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген: Ахуалдық орталыққа қосылған бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, турникеттер орнатылған, лицензияланған күзет бар. 152 мектепте «Alaqan» кешендері енгізілген, олар «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграцияланыпты.

Сонымен қатар, мекемелер санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендірілуде. Жылыту маусымына дайындық аясында 40% қатты және 35% сұйық отын жеткізілген.

Үшауысымды оқытуды, апатты мектептерді және орын тапшылығын жою үшін 14 520 орынға арналған 31 білім беру нысаны салынуда, оның ішінде 4 балабақша, 26 мектеп және 1 қосымша білім беру мекемесі бар.

«Облыста 80 мектепте 3 740 бала оқиды, бірақ оқушы саны белгіленген нормативке жетпейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №185 бұйрығына сәйкес, бастауыш мектепте кемінде 5, негізгі мектепте – 41, орта мектепте – 81 оқушы болуы керек. Бұған дейін аудан әкімдеріне ауылдарға көпбалалы отбасыларды тартып, оларға үй беру, балаларды мектепке дайындау және оларды шаруа қожалықтары арқылы жұмыспен қамту тапсырылған еді. Қазіргі таңда Алға, Қобда және Мұғалжар аудандарындағы 13 мектепке 17 отбасы қоныстанып, 50 баламен нормативке жетті. Сонымен қатар, 26 ауылға 44 отбасы (122 бала) көшіп келді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет», – деді Бұлбұл Күзембаева.

Ол сондай-ақ, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетілетінін еске салды.

«Биыл жергілікті бюджеттен 16 624 балаға 768 млн теңге бөлінді. Бір балаға 46 мың теңгеден аса қаржы тиесілі. Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатыр, ол 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Қалалар мен аудандар әкімдіктері оны белсенді ұйымдастырып, демеушілер мен кәсіпкерлерді тартуы маңызды», – деді басқарма басшысы.

1 маусымнан бастап Ақтөбеде ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Жаңа жүйеге 238 балабақша көшті, 31 335 бала ваучер алды. Бұл модель бюджетті тиімді жұмсауға және кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Желтоқсаннан бастап жаңа тәсіл аудандарда да енгізіледі.

Қазіргі уақытта мұғалімдерге деген қажеттілік 628 адамды құрайды. Кадр тарту үшін бос орындар жәрмеңкелері өткізіліп, 338 орынға конкурс жарияланды, шағын жинақты мектептерге 168 мұғалім конкурстан тыс қабылданады. Педагогикалық бағыттағы ЖОО және колледж түлектері, сондай-ақ жергілікті грант иегерлері кадр тапшылығын толық жаба алады.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтауды, мектептерді жабдықтармен және кадрлармен қамтамасыз етуді, толық қауіпсіздік пен жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жаңа оқу жылына дайындық – біздің ортақ міндетіміз және жауапкершілігіміз. Балалар мен мұғалімдер оқу жылының алғашқы күнінен бастап өзін жайлы және қауіпсіз сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Барлық жөндеу жұмысын белгіленген мерзімде, кідіріссіз аяқтау қажет. Әсіресе, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы мектептерге қатысты бақылауды күшейткен жөн. Егер қандай да бір кемшіліктерге жол берілсе, жауапты тұлғаларға талап күшейеді.

Мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және толыққанды кадр құрамына ерекше назар аударуды сұраймын.

Оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі – басты басымдық. Санитарлық, өрт және техникалық талаптарға толық сәйкестікті қамтамасыз ету керек. Жылыту маусымын әзірлікті күшейту – маңызды міндеттердің бірі. Қалалар мен аудандар әкімдіктері және білім беру ұйымдарының басшылары бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, кез-келген мәселеге жедел әрекет етуі тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізіп, балаларымыздың жарқын болашағына жағдай жасай аламыз», – деді Асхат Шахаров.