Құрылыс саласының қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.
Марапаттау рәсімі Құрылысшылар күні қарсаңында өтті. Онда өңірдің және елдің дамуына елеулі үлес қосқан құрылыс саласының үздік мамандары бас қосты.
Облыс әкімі құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, бұл саланың экономиканың тұрақты өсімі мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Ақтөбе қаласының заманауи келбеті, оның көрікті көшелері, тұрғын үйлері, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандары – әрбір құрылысшының еңбегі, шеберлігі және жауапкершілігінің нәтижесі. Сіздердің арқаларыңызда облыс ел бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру және ауқымды құрылыс жобаларын жүзеге асыру көрсеткіштерінде алдыңғы қатарда келеді», – деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылыс саласындағы ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен «Интерстиль» ЖШС директоры Николай Бенько, «BDkair» ЖШС учаске бастығы Бауыржан Динтаев, «Иншаб» ЖШС жобалаушы инженері Ойлыбай Имағамбетов, «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС директоры Бауыржан Қоғабаев марапатталды. Наградаларды табыстаған облыс әкімі олардың жанқиярлық еңбегіне, шеберлігіне және мамандыққа адалдығына алғыс білдірді.
Сонымен қатар «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі ордендері, Құрмет грамоталары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, ҚР Индустрия және құрылыс министрінің алғыс хаттары, сондай-ақ облыс әкімінің марапаттарын құрылыс саласындағы күнделікті еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген инженерлерге, жетекші мамандарға, жүргізушілерге және ардагерлерге иеленді. Олар тасқыннан кейін үйлерді қалпына келтіріп, жаңа тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар мен спорт нысандарын салып келеді.
Биыл 2024 жылғы көктемгі тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан құрылысшыларға ерекше назар аударылды. Олардың жанқиярлығы, кәсібилігі және жеделдігі қысқа мерзім ішінде 500 жаңа үй салып, зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Құрылыс саласының ардагерлеріне естелік сыйлықтар беріліп, көпжылдық адал еңбегі мен жас ұрпаққа көрсеткен тәлімгерлігі үшін алғыс айтылды.
Құрылысшы – адамдарға үміт, жайлылық және ертеңгі күнге сенім сыйлайтын, жасампаздықтың нағыз мамандығы. Ақтөбе облысы өз ісіне берік, рухы мықты нағыз кәсіпқой құрылысшыларымен мақтанады.