Облыс әкімі Асхат Шахаров Теміржолшылар күніне орай сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады.
Салтанатты жиында Асхат Шахаров теміржол саласының өңір мен жалпы ел экономикасын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен жоғары кәсібилігінің арқасында көлік-логистика жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, бұл өз кезегінде өндіріс пен сауда салаларының дамуына зор ықпал ететінін жеткізді.
«Теміржол саласы — еліміздің экономикасы мен бірлігінің стратегиялық тірегі. Бұл — өңірлерді жалғайтын, өнеркәсіп пен сауданың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін қуатты көлік жүйесі. Осы салада мыңдаған маман аянбай еңбек етіп келеді. Облысымызда 9625 теміржолшы жұмыс істейді. Әрқайсысыңыз ортақ іске өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз — үлкен жауапкершілік пен кәсіби адалдықтың үлгісі», — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар аймақ басшысы өз сөзінде өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жоспарына тоқталып өтті. Атап айтқанда, облыстағы 7 елдімекенде теміржол вокзалдары 6,7 млрд теңгеге жаңартылатын болады.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі теміржол саласының екі ардагеріне «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Мемлекеттік марапатқа осы салада 32 жыл еңбек өтілі бар Қандыағаш станциясының пойыз құрастырушысы Анатолий Лапин мен Қандыағаш станциясының теміржол телімінің диспетчері, өз ісінің жауапты әрі құрметті маманы Күләш Жұмағазина ие болды.
«Ел болашағы сіздер сияқты жанкешті еңбек етіп жүрген азаматтарға тікелей байланысты. Біз сіздермен мақтанамыз және еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз!», — деп облыс әкімі барлық теміржол саласының қызметкерлеріне мамандыққа деген адалдығы мен өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Теміржол саласында табан аудармай 42 жыл еңбек еттім. Биыл зейнет демалысына шықтым. Еңбек жолымды 1983–1985 жылдары Ізімбет теміржол бекетінде қосалқы станция кезекшісі қызметінен бастадым. Кейінгі барлық жылдары Қандыағаш жол станциясында жол диспетчері ретінде жұмыс істедім. Теміржол — мен үшін жай ғана мамандық емес, өмірімнің бір бөлшегі. Бұл саланы таңдауыма ата-анамның үлкен ықпалы болды. Олар да өз заманында теміржолда адал қызмет атқарған жандар. Сол кісілердің еңбекке деген сүйіспеншілігі мені осы жолға алып келді», - дейді марапат иесі Күләш Жұмағазина.
Жиын соңында марапат иелері облыс әкімімен естелік суретке түсті.