Өңір басшысы Асхат Шахаров еңбегімен ерекше көзге түскен жастардың өкілдерін – жас дәрігерлер, әскери қызметкерлер, полицейлер, волонтерлер, спортшылар, мұғалімдер, жұмысшылар мен кәсіпкерлерді марапаттады. Салтанатты рәсім Облыс әкімі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы аясында өтті.
Іс-шараға кеңес мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, жас мамандар, кәсіпкерлер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
«Бүгін жастарымыздың ең үздік өкілдері жиналып отыр. Олар - азаматтық белсенділікті сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген, еңбек етіп, өзгелерге көмек көрсетіп, өңірімізді дамытуға атсалысып жүрген жастар. Біз сіздермен мақтанамыз, күш-қуаттарыңыз бен таланттарыңыз аймақ пен бүкіл ел игілігіне жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасаймыз», – деді Асхат Шахаров отырыс қатысушыларына арнаған сөзінде.
Әкім жастардың қоғамды дамытудағы рөліне тоқталып, оларды қолдау қажеттігін айтты.
«Біз жастардың бастама көтеріп, түрлі жобаларды қолға алып, түрлі тағдыр иелеріне өмір сыйлап, өзгелерге үлгі болып жүргенін көріп отырмыз. Міндетіміз – оларды қолдау, өсу мен даму үшін мүмкіндік беру. Біз инфрақұрылымды дамытып, мамандардың жалақысын көтеріп, фронт-кеңселер ашып, тұрғын үй бағдарламаларын іске асырып жатырмыз. Мұның бәрі – жастардың өздерін қажет деп санап, қорғалғанын сезінуі үшін жасалуда», – деді өңір басшысы.
Кеңес отырысында жыл басынан бері жүргізілген жастар саясатының жүзеге асырылуы қорытындыланып, жұмысқа орналастыру, жастар бастамаларын қолдау, волонтерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Кеңестің жаңартылған құрамы бекітілді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, бүгінгі таңда облыста 8 231 жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Тағы 105 жас өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алған. Жұмыссыз жастар үлесі 19%-ға төмендеген.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында 3 008 студент жұмысқа орналастырылған. Ақтөбе қаласында 3 000-нан астам белсенді жасты біріктіретін волонтерлер фронт-кеңсесі жұмыс істейді.
Аталған шаралар жастардың өзін-өзі дамуына және өңірдің тыныс-тіршілігіне белсене араласуына мүмкіндік беріп отыр.