«Жасыл болашақ жолында: Ақтөбеде экосабақ өтті»

«Жасыл болашақ жолында: Ақтөбеде экосабақ өтті»


Бүгін Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің аумағында «Жасыл Ел» жасақтарының сарбаздары үшін жасыл желектерге күтім жасауға арналған практикалық шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты - абаттандыру, көгалдандыру және қалалық жасыл аймақтарға күтім жасау салаларында практикалық дағдыларды дамыту. Сонымен қатар, жастардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру, олардың экологиялық таным көкжиегін кеңейту және туған өлкенің экологиялық келбетін жақсартуға белсенді араласуын қамтамасыз ету шара барысында басты назарда болды.

Шеберлік сабағы барысында қатысушыларға тәжірибелі мамандар ағаштар мен бұталарды дұрыс кесу, суару, зиянкестермен күрес және көшеттерге күтім жасау бойынша кеңестер берді. Сонымен қатар, урбанизацияланған орта жағдайында биологиялық әртүрлілікті сақтау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері де талқыланды.

Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің инженер қызметкері Бұқанов Шакей өз әсерімен бөлісіп, былай деді:

«Бүгінгі шеберлік сабағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, жастарға, әсіресе «Жасыл Ел» жасақтарының сарбаздарына арналған маңызды практикалық алаң болды. Біздің мақсатымыз тек базалық білім беру ғана емес, сонымен қатар жасыл желектерге күтім жасаудың - экологиялық әл-ауқатқа тікелей әсер ететін жауапты әрі күрделі жұмыс екенін түсіндіру болды.

Негізгі назар практикалық дағдыларға аударылды. Олар ағаштарды дұрыс кесу, суару жұмыстарын ұйымдастыру, көшеттерге күтім жасау және зиянкестермен күресу тәсілдері. Бұл білім қалалық жасыл аймақтарды сақтау ғана емес, оларды тұрақты қалалық экожүйенің ажырамас бөлігі ретінде дамыту үшін аса маңызды.

«Жасыл Ел» жасақтарының сарбаздарына бастамашылдығы мен белсенді қатысқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Олардың ынтасы - осындай                           іс-шаралар қоршаған ортаға ұқыпты қарайтын, оны көгалдандыруға белсенді қатысатын жаңа буынды тәрбиелеуге сеп болады деген сенім ұялатады».

Іс-шараға қатысушылардың бірі, «Жасыл Ел» жасақтарының сарбазы да өз әсерімен бөлісті. Ол былай деді:

«Бүгінгі шеберлік сабағына қатысу біз, «Жасыл Ел» жасақтары үшін үлкен мүмкіндік болды. Біз тек теориялық білім алып қана қоймай, ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасау бойынша практикалық дағдыларды да меңгердік.

Менің ойымша, «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар жастарға экологиялық акцияларға жай қатысып қана қоймай, нақты өзгерістердің бір бөлігі болуға жол ашады. Жастардың экологиялық қозғалыстарға белсенді араласуы артып, бірлескен күшпен өңірімізді анағұрлым таза әрі жайлы етуге қол жеткіземіз деп сенемін».

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 миллиард ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын.

2021 жылдан бүгінгі күнге дейін республика көлемінде                            1 миллиард 391,7 миллион ағаш 879,5 мың гектар жерге отырғызылды.

Орман иеленушілердің мүмкіндіктерін және орман бақтарында көшет материалдарының қолжетімділігін ескере отырып, бұл тапсырманы орындау мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов «Айта кету керек, орман отырғызу - бұл бірқатар кезеңдерді қамтитын кешенді жұмыс. Атап айтқанда, жұмыс жобаларын әзірлеу, орман тұқымдарын жинау мен дайындау, орман бақтарында көшет материалдарын өсіру, топырақты дайындау, көшеттерді қазып алып, тасымалдау, орман отырғызу және оларды күтіп-баптау. Сонымен қатар, қолданыстағы орман бақтарын ауқымды түрде жаңғырту және жаңаларын ашу қажеттілігі туындады», – деді

Қазіргі таңда жабық түбір жүйесімен көшет өсіретін кешендердің құрылысы Алматы облысында (Қонаев қаласы), Қостанай облысында (Әулиекөл ауылы), Шығыс Қазақстан облысында (Самарка ауылы), Павлодар облысында (Шалдай ауылы) және Абай облысында (Озерки ауылы) жоспарланған.

Сонымен қатар, орманды қалпына келтіру және орман өсіру шаралары, оның ішінде өңірлер бойынша отырғызу көлемдері ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сай жоспарланған.

Іс-шара соңында қатысушылар осындай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, олар жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға зор үлес қосатынын айтты.

Алынған тәжірибе болашақта экологиялық жобаларға қатысуға ынталандыруға және тәжірибеге бағытталған іс-шараларды дәстүрге айналдыруға негіз болады деген сенім білдірді.

#ТазаҚазақстан, #TazaQazaqstan, #TazaChallenge, #jastarlive, #jasylel, #устойчивое развитие, #тұрақты даму, #экология.