Ақтөбе облысында алғаш рет үш күн бойы өткізілген «Ауыл Life» жобасы қорытындыланды. Қобда ауданында ұйымдастырылған іс-шараны Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жоба 2025 – Жұмысшы жастар жылы аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан ұлттық құндылықтарды жаңғырту, ауылдың рухани-әлеуметтік тірегін сақтау жөніндегі тапсырмалары негізінде жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – жастарға ауыл өмірінің шынайы болмысын көрсету арқылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы бастамаларды насихаттап, олардың ауылға тұрақты орнығуына ықпал ету болды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарға баулу, еңбекке құрмет сезімін арттыру, туған өлкенің тарихын, салт-дәстүрін дәріптеу арқылы жас ұрпақтың патриоттық санасын ояту көзделді.
Үш күндік бағдарлама барысында жастар ауыл тіршілігіне белсенді араласып, ұлттық тағам дайындау, мал шаруашылығы, қолөнер және салт-дәстүр сабақтарына қатысты. Қатысушылар қой қырқу, шөп жинау, сүт өнімдерін әзірлеу, тандыр нан пісіру секілді ауыл тіршілігіне араласты. Сондай-ақ, қамшы өріп, құмыра жасап, ұршық иірді. Атқа мініп, оны баптауды үйренді.
Жастар тарихи-мәдени орындарды аралап, ел руханиятымен де терең танысты. Олар Әлия Молдағұлованың музей-үйіне, Абат-Байтақ кесенесіне және Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне барып, тарихпен сусындады. Ұлттық ойындарға қатысып, мәдени кештерге атсалысып, ауыл өмірінің рухын жан-жақты сезінді.
Бұл бастама ауыл тіршілігін көрсетумен шектелмей, жастардың ауылда тұрақтауына және болашақта осындай жобалар арқылы ел болашағына үлес қосуына жол ашты. «Ауыл Life» жобасы алдағы уақытта өз жалғасын табады.