Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің ветеринарлық-эпизоотиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы талқыланды.
Жиынға тиісті басқармалар басшылары, аудан әкімдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының өкілдері қатысты.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай өз баяндамасында өңірде бекітілген жоспар аясында алдын алу және диагностикалық іс-шаралар кешені жүргізіліп жатқанын айтты. Жартыжылдық қорытындысы бойынша жануарлар мен құстардың аса қауіпті 13 ауруына қарсы жоспарланған вакцинация толық орындалып, 10 миллионнан астам доза вакцина қолданылған.
«Жыл басынан бері 1,1 миллионнан астам ірі қара мен ұсақ малға серологиялық зерттеу жүргізілді. Қазіргі уақытта аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты», – деді Айбек Сембай.
Оның айтуынша, сібір жарасының таралуына жол бермеу және мал қорымдарын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс аумағында сібір жарасынан өлген малдарды көметін 122 орын бар. Биыл жоспар бойынша 800 топырақ сынамасы зерттеліп, барлығының нәтижесі теріс болды. Барлық қорымдар санитарлық талаптарға сай келтіріліп, қоршалып, белгі қойылған.
Сондай-ақ, өңірде ветеринариялық процестерді цифрландыру белсенді жүзеге асырылып жатқаны айтылды. «VetMobile» және «TortTulik» мобильді қосымшалары енгізіліп, оларға 7 мыңнан астам шаруашылық қосылған. Аудандық ветстанциялар компьютер және планшеттермен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Биыл облыстық бюджеттен 247 млн теңгеге 15 модульді ветпункт, 166 млн теңгеге 2 жылжымалы өртейтін құрылғы (инсинератор) сатып алынса, тағы 13 инсинераторды алу үшін 441 млн теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта жеке инвесторлардың қаражатына 12 мал сою пункті салынуда. Сонымен қатар, 9 жаңа мал қорымын салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.
Баяндамашы ет өнімдерінің сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Жыл басынан бері жоспарлы тексерулер жүргізіліп, ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатқан фактілер анықталып, заңбұзушылар жауапкершілікке тартылған.
Облыс әкімі спикерді тыңдап болған соң, ветеринарлық-эпидемиологиялық тұрақтылық – стратегиялық міндет екенін айтты.
«Егер ветеринарлық бақылау әлсіресе, мал шаруашылығы ғана емес, азық-түлік сапасы, қоғамдық денсаулық, экспорт әлеуеті де зардап шегеді. Біз бұған жол бере алмаймыз», – деді Асхат Шахаров.
Ол мал қозғалысына қатаң бақылау орнатуды, вакцинацияны толық жүргізуді, зооноздық аурулармен күресті күшейтуді, цифрландыруды және ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жетілдіруді тапсырды.
«Жұмыс жүйелі түрде, барлық деңгейде үйлесімді атқарылуы керек. Ветеринарлық-эпидемиологиялық жағдай менің жеке бақылауымда», – деп түйіндеді өңір басшысы.