Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қытайдың энергетикалық компанияларының мен Badamsa Wind Energy Company of Kazakhstan өкілдерімен кездесті. Қос тарап энергия жинақтау құрылғыларымен жабдықталған Badamsa жел электр станциясының құрылысын талқылады.
Жоба China Datang Group Overseas Investment Co., Ltd. және China Energy Engineering Group компанияларымен әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Жел электр станциясының алғашқы кезеңінде жалпы қуаты 1 гигаватт құрайтын жабдықтарды орнату көзделуде. Бұл бастама өңірдегі жасыл энергетиканы дамытуда маңызды қадам болмақ.
Кездесуге China Datang Group компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы және нарықты дамыту жөніндегі директоры Ван Хао, China Energy Engineering компаниясы бас директорының орынбасары Вэй Цзяньлинь, холдингке қарасты еншілес ұйымдардың мамандары және Badamsa Wind Energy компаниясының бас директоры Манар Жеңіс қатысты.
Манар Жеңіс жобаның барысын және жел электр станциясының ерекшеліктерін таныстырып, оның өңірдің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық тұрақтылығы үшін маңызын атап өтті.
China Datang Group өкілдері әлемнің әр түкпірінде жүзеге асырған ауқымды энергетикалық жобалар бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстан нарығына инвестиция салуға әзір екендіктерін білдірді. Олар Ақтөбе өңіріндегі тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық ахуалды айырықша атады.
Қытайлық делегация жобалау, жабдық жеткізу және құрылыс бойынша әріптестік бағыттарын нақтылап, мерзімдер мен сапа стандарттарының қатаң сақталатынын сендірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара пікір алмасып, жобаны тиімді жүзеге асыруға деген ортақ қызығушылықтарын растады. Облыс әкімі таза энергетикаға көшу – стратегиялық маңызды бағыт екенін атап, жел электр станциясының табысты іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Ақтөбе облысы жасыл энергетика саласында зор әлеуетке ие. Халықаралық әріптестермен бірлесіп жүзеге асырылатын мұндай ірі жоба өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы мен экономикасын дамытуға жаңа серпін береді», – деді Асхат Шахаров.
Кездесу соңында тараптар конструктивті диалогты жалғастырып, ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді.