Ақтөбе облысында алғаш рет дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған ерекше білім беру жобасы – «Зияткер» жазғы мектебі өз жұмысын бастады.
Биылғы жазғы мектепке Ойыл, Алға, Мәртөк, Қарғалы және Қобда аудандарынан келген 120 оқушы қатысуда. Барлығы – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, білімде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар. Мектептің алғашқы маусымы 21–26 шілде аралығында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың базасында өтуде.
Жазғы мектеп бағдарламасы оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Балалар робототехника, IT, шешендік өнер, қазақ тілі және басқа да пәндер бойынша білім алады. Сабақтарды өңірдің үздік педагогтері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары, журналистер және тәжірибелі пән мұғалімдері жүргізуде.
Сонымен қатар, оқушылар үшін мәдени және танымдық демалыс ұйымдастырылған: кинотеатрлар мен саябақтарға бару, патриоттық және психологиялық сабақтар, шығармашылық кездесулер қамтылған. Барлық іс-шаралар облыстық математикалық мектеп-интернаттың базасында өтуде.
«Зияткер» жазғы мектебінің қатысушыларының бірі – Варвара Ивахова. Варвара 10-сыныпты аяқтап, қазақ тілі бойынша халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Терең білімі мен жоғары нәтижелерінің арқасында ол «Зияткер» жазғы мектебіне шақырту алды.
«Мұнда оқу мен демалуға өте жақсы жағдай жасалған. Маған лагерьдің атмосферасы, жаңа таныстықтар және дамуға көмектесетін сабақтар қатты ұнады», – дейді Варвара.
Жазғы мектепке арнайы келген облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысушылармен және ұстаздармен жүздесіп, оқушылардың оқу және тұру жағдайларымен танысты. Ол жазғы мектептің өңір жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтіп, оқушыларға жаңа білім мен жетістіктер тіледі.
«Зияткер» мектебінің екінші маусымы 4 тамызда басталады. Бұл жолы жазғы мектепке Мұғалжар, Темір, Шалқар, Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласынан келген оқушылар қатысады. Оларды білім мен шабытқа толы жаңа кезең, жаңа таныстықтар мен кәсіби ұстаздармен кездесулер күтеді.