
Алдын ала қабылдауға 15 адам жазылып, олардың 11-і мәселелерін жеке келіп айтты. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй мәселелері, әлеуметтік қорғау, экология және жергілікті инфрақұрылымға қатысты.
Қабылдау шақырылған облыстық басқарма басшылары азаматтарға кеңес беріп, әрбір мәселе бойынша нақты түсініктемелер ұсынды.
Арыз-шағым, өтініштер облыс орталығының тұрғындарынан да, аудандардан да түскен. Тұрғын үй алу кезегі, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек, сондай-ақ бизнесті қолдау сияқты өтініштер бүгін көтерілген мәселелердің қатарында болды. Әрбір өтінішке қатысты нақты түсіндірмелер беріліп, оны шешудің ықтимал жолдары ұсынылды, сондай-ақ жауапты органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Мысалы, Ойыл ауданының тұрғыны Б. Нысанбаев Амангелді ауылдық округіндегі автожолдардың жай-күйі мен экологиялық жағдайды көтерді.
Шалқар қаласының кәсіпкері М. Көшетов елді мекенге қажет қоқыс таситын көлік сатып алуға қолдау сұрады.
Екі мүмкіндігі шектеулі баланың әкесі балаларын емдеуге қаржылай көмек көрсетуді өтінді. Еске салайық, өтініш иесіне 2024 жылы өңір кәсіпорындары балаларды емдеуге жалпы екі миллион теңге көлемінде қаражат бөлген-ді. Мұндай көмектің түрі мемлекеттен тікелей түрде көрсетілмейді.
Бірқатар ақтөбелік тұрғын үй алу мәселесімен жүгінді. Алайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйді кезексіз беру көзделмегені түсіндірілді. Тұрғын үй мәселелері коммуналдық (жалға берілетін) үйлер пайдалануға берілгеніне қарай кезек тәртібімен шешіледі.
Асхат Шахаров мұндай кездесулер халықпен кері байланыстың маңызды бөлігі екенін алға тартты.
«Ең бастысы – адамдардың өзекті мәселелерін тыңдау, оларды түсіну және заң аясында қарастырылған ықтимал шешімдерді табу. Біз барынша ашық болып, облыс тұрғындарының әрқайсысымен диалогқа дайын болуымыз керек», – деді әкім.
Қабылдау барысында айтылған барлық өтініш бақылауға алынды. Кейбір мәселелерді шешу уақытты қажет етеді, ал өзгелері тиісті органдардың қатысуымен жұмыс тәртібінде қаралады.