Ақтөбеде жастар Ақтөбе су қоймасының айналасын тазартты

Ақтөбеде жастар Ақтөбе су қоймасының айналасын тазартты

Өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгін Ақтөбе қаласында экологияны сақтау мен қоғамда табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыру бағытында маңызды іс-шара өтті.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе су қоймасы жағалауында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған акцияға жүздеген ерікті жастар мен белсенді азаматтар қатысты.

Бұл бастаманы Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы қолға алып, өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты. Шараның басты мақсаты – өңірдегі қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғатты қорғау мәселесіне жұртшылық назарын аудару және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілік пен сананы қалыптастыру.

Шара барысында сөз сөйлеген облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин акцияның мән-маңызына тоқталды.

«Таза Қазақстан» акциясы – тек тазалық жұмыстары ғана емес, бұл – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жастар ресурстық орталығы ретінде біз осы бастаманың өңірде кең көлемде өткізілуіне ұйытқы болып келеміз.

Акция барысында белсенді жастар, еріктілер және қала тұрғындары бірігіп, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып жатыр. Бұл – тек бір күндік еңбек емес, бұл – сананы ояту, экологиялық тәрбие беру. Табиғатты сүю – Отанды сүюдің бір көрінісі деп білеміз.

Біздің мақсатымыз – жастарды пайдалы іске баулып, әр азаматтың бойында табиғатқа жанашырлық қасиетін қалыптастыру. Осындай шаралар арқылы экологиялық жауапкершілікті арттыруды жалғастыра береміз», - деді ол.

Акция аясында Ақтөбе су қоймасының айналасындағы қалдықтарды жинауға арналған қаптар мен құрал-жабдықтар таратылды. Тазалық жұмыстары бірнеше сағат бойы жүргізілді. Жиналған қоқыстар кейін арнайы орындарға жеткізілді.

Акцияға қатысқан еріктілердің бірі — Жансейіт Қуандық. Ол табиғатты қорғау - әрбір азаматтың парызы дейді.

«Таза Қазақстан» акциясы – туған өлкемізге деген жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуге берілген мүмкіндік. Қоршаған ортаның тазалығы – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен амандығының кепілі. Біз жастар – өзімізден бастап, қоғамға оң өзгеріс әкелуге дайынбыз. Табиғатты аялау – болашақты ойлау деп білемін», - деп атап өтті Ж.Қуандық.

«Таза Қазақстан» акциясы – жай ғана тазалық жұмыстары емес, бұл – еліміздің табиғатына, болашағына деген жанашыр көзқарасты қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Облыстық жастар ресурстық орталығы осындай экологиялық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan