Аппарат мәжілісінде маңызды мәселелер қаралды

Аппарат мәжілісінде маңызды мәселелер қаралды

Бүгін, 30 маусым күні облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.  Күн тәртібінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін және цифрлық технологияларды енгізу шаралары, суға түсу маусымының өту барысы және дала өртінің алдын алу, сондай-ақ,  сұйытылған газбен қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды.

Әр мәселе бойынша жауапты басқарма және департамент басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың сөзінше, Мемлекет басшысы жолдауындағы 2025 жылы халықтың сапалы ауызсуға қол жетімділігін 100% жеткізу тапсырмасын орындау нәтижесінде облыстағы ауыз сумен жабдықтау қолжетімділігін елдімекендер бойынша 301-ге (94,4%), халық бойынша 927 мың адамға (99,9%) жеткізу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласында бірқатар тұрғын алаптарын («Жаңаауыл 1», «Жаңаауыл-2», «Жаңаауыл-3», «Сарбаз», «Ақжар плюс», «Ақшат-2», «Ақшат-3», «Жаңақоныс-3», «Жаңақоныс-4», «Бауырластар-3», «Бауырластар-5»)сумен қамтамасыз ету мақсатында 5маңызды жоба жасақталды.

Сонымен бірге, республикалық бюджеттен су желілерін реконструкциялау мақсатында салалық Министрлікке 14 жобаны қаржыландыруға өтінім ұсынылды.

Ақтөбе қаласында су бұру желілерін қайта жаңғырту бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен су бұру желілерін реконструкциялау мақсатында салалық Министрлікке
10 жобаны қаржыландыруға өтінім ұсынылды.

Облыс әкімі бұл бағытта жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, суды үнемдеу мәселесі бойынша цифрлық мониторинг жүйесін кеңінен енгізуді жеделдетуді тапсырды.

Қаралған екінші сұрақ - суға түсу маусымына байланысты төтенше жағдайлар департаментіне әкім тұрғындар мен су жағасында демалушылардың қауіпсіздігін сақтау – басым бағыттардың бірі екенін еске салды.  Облыс аумағында рұқсат етілген 64 орын белгіленген. Осы және тыйым салынған орындарда күнделікті 367 адам, оның ішінде полиция, құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері патрульдеу жүргізеді.

Ал дала өрттерінің алдын алу мәселесінде қолға алынған жұмыстарды күшейту жүктелді.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев сұйытылған мұнай газының бірыңғай цифрлық платформасы жасақталғанын алға тартты. Бұл платформа автогаз құю және газ толтыру станцияларының цифрлық паспортын жүргізу, газ көлемін алуға өтінімдерді беру және өңдеуді және келісуді автоматтандыру, газды орталықтандырылған түрде бөлу, тұтынуды және маусымдық тұтынудың өзгеруін болжау үшін тарихи деректерді жинақтау және талдау, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қағаз құжат айналымын барынша азайту жұмыстарын оңтайландырады.

Зауыттардан жөнелтілген көлемді бақылау мақсатында кәсіпкерлік басқармасы аудандық әкімдіктермен бірлесіп, облыс аумағындағы газ толтыру станциялары және автогаз құю бекеттеріне 400-ге жуық мониторинг жұмыстарын жүргізген. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасады.

Облыс әкімі басқарма басшына сұйылтылған газ мәселесін баса назарда ұстауды, халықты алаңдататын мәселелерге жол бермеуді, Энергетика министрілігімен тығыз байланыста болу қажеттігін  айтып өтті.

Аппарат мәжілісі соңында Асхат Шахаров барлық мемлекеттік және квазисектордағы мекеме басшыларына көтерілген сұрақтарға қатысты нақты нәтижеге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және оны орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.