Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы маңындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының ұшу айлағында 22-28 маусым аралығында ұйымдастырылған XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті.
Еске салайық, жиынның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп қатысты.
Дүбірлі додаға елімізден бөлек, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан барлығы 800-ге жуық жас сарбаз келді. Биылғы жиын — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, қатысушыларды әскери-патриоттық шараның табысты аяқталуымен құттықтады.
«Осындай жиындар жастардың патриоттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Айбынды ұрпақ – елдің қорғаны. Жастарымыздың бойындағы қайсарлық пен ұлтқа деген адалдықты осы алаңда тағы бір мәрте көрдік», – деп атап өтті өңір басшысы.
«Айбын» жиыны — жас ұрпақты отансүйгіштікке, ерлікке, тәртіп пен бірлікке баулитын, сонымен қатар ТМД елдері арасындағы достықты нығайтатын маңызды халықаралық алаң болып отыр.
Жиын барысында қатысушылар түрлі әскери-спорттық және зияткерлік сайыстарда бақ сынап, тәжірибе алмасып, достық байланыстар орнатты.
Шара соңында жеңімпаз командалар мен үздік қатысушылар марапатталып, жиын салтанатты түрде жабылды.