Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, облыстағы жастар саны 267 мыңнан асады. Олармен жұмыс істейтін 14 ресурстық орталық бар.
Жыл басынан бері 4775 жас қолдау шараларымен қамтылды. Оның 1432-сі тұрақты жұмысқа орналасса, 32-сі «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларымен қамтылды. «Жасыл ел» жасақтарына 1300-ден астам қыз-жігіт жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 3200 қатысушыға жеткізу жоспарланған.
«Біз жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесін азайтуға үлкен мән береміз. Бұл үшін оларды жұмыспен қамтып қана қоймай, дамуына жағдай жасау маңызды», - деді басқарма басшысы.
Мәселен, жыл басынан бері жастарды белсенді қоғамдық өмірге тартуға, жаман әдеттердің алдын алуға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған 500-ден астам іс-шара өткізілді. Солардың ішінде колледж студенттері, жоғары оқу орындары мен жоғары сынып оқушыларының басын біріктіретін «Өзін-өзі басқару» жобасы да ерекше.
Кездесуде волонтерлік қозғалысты дамыту мәселелері де талқыланды. Облыста 3000-нан астам жастың басын біріктіретін 161 еріктілер тобы бар. Биыл волонтерлік қызметті қолдау және үйлестіру мақсатында тағы бір жаңа жоба іске қосылды.
«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Екі жылдың ішінде 109 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Дегенмен, сұраныс көп. Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілерден 1800-ден астам өтінім түсті. Осыған байланысты жобаны жалғастыру үшін 500 миллион теңге бөлу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
«Жастар – біздің болашағымыз. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндеті – жай ғана бағдарламаларды жүзеге асыру емес, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына, білім алуына, жұмысқа орналасуына және лайықты өмір сүруіне нақты мүмкіндіктер жасау», - деді жиында қорытындылаған аймақ басшысы.
Облыс әкімі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмысты күшейтуді, «Жасыл ел» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейтуді, «Ақтөбе жастары» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтауды сондай-ақ ЖРО қызметкерлерінің ынтасын арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.